АҚШ Президенті Кентукки штатында төтенше жағдай жариялады

АҚШ Президенті Кентукки штатында төтенше жағдай жариялады

Соңғы күндері әлемнің кей елдерінде табиғат апаттары тағы жиіледі. АҚШ-тың бірнеше штатында екі күннің ішінде ондаған құйын соғып, 100-ге жуық адам көз жұмды. Апаттан орасан зор шығын келген. Бразилияда толассыз жауын мен су тасқынынан 50 қалада төтенше жағдай жарияланды. 

АҚШ-та соңғы екі күнде Кентукки, Миссури, Арканзас, Иллинойс пен Теннесси штаттарында 30-дан аса құйын соғып, 100-ге жуық адам көз жұмды. Сағатына 240 шақырым жылдамдықпен ұйытқыған дүлей жел ондаған қаланы жермен жексен етті. Әсіресе, Кентукки штаты айтарлықтай зардап шекті. Ең көп адам шығыны да осы штаттта. Мэйфилд қаласында майшам жасайтын зауыт төбесі құлап, 40 адам көз жұмған. Үйінділер астында әлі ондаған адам болуы мүмкін. Құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

Жалпы табиғат апатынан мыңдаған адам зардап шегіп, жүздеген тұрғын жарықсыз қалды. Президент Джо Байден Кентукки штатында төтенше жағдай жариялады. Қазір табиғат апатының салдарымен күрес жалғасып жатыр.

Рок Фоли, жергілікті тұрғын:

– Мен ас үйде отырғам едім. Бір кезде қатты дыбыс естіліп, дереу дәліздегі есіктің жанына басымды бүркеп жата қалдым. Дүлей жел үйімнің бір қабырғасын жұлып әкетті. Барлығы 30 секундта өте шықты. Әйтеуір, Құдай сақтап, аман қалдым.

КАНАДАДА ДАУЫЛДАН ЖҮЗДЕГЕН МЫҢ ТҰРҒЫН ЖАРЫҚСЫЗ ҚАЛДЫ

Канаданың шығысындағы Онтарио штатында да дауыл соғып, 200 мыңнан аса адам жарықсыз қалды. Сағатына 120 шақырым жылдамдықпен ұйытқыған жел жолындағы жүздеген ағаш мен электр бағанасын құлатып, үйлердің шатырын ұшырып әкетті. Табиғат апаты кезінде жапа шеккендер туралы ақпар жоқ.

СУ ТАСҚЫНЫНАН 50 ҚАЛАДА ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ЖАРИЯЛАНДЫ

Ал Бразилияның оңтүстігінде бірнеше күн бойы толассыз жауған жаңбырдан Байя мен Минас-Жерайс штаты су астында қалды. Табиғат апатынан 7 адам опат болып, 200-ге жуық тұрғын жарақат алды. Мыңдаған адам баспанасынан айырылып, 15 мыңы қауіпсіз жерге көшірілді. Үкімет қос штаттың 50 қаласында төтенше жағдай жариялады. Селдетіп құйған жаңбырдан ондаған қала мен аудан бөлініп қалған. Бірнеше көпір қирап, тасжолдарды су шайып кеткен. Синоптиктер бұл елде соңғы 35 жылда тіркелген ең қатты тасқын деп отыр.

«БАРРА» ДАУЫЛЫНЫҢ САЛДАРЫ

Өткен күні Испанияның солтүстігінде де «Барра» дауылы соғып, жаңбыр селдетіп, бірнеше аймақ су тасқынан зардап шегіп жатыр. Нөсерден Баскония мен Наварраны басып өтетін Эльба өзені арнасынан асып, көп мекенді су басқан. Кей жерлерде су үйдің төбесіне дейін жетеді. Табиғат апатынан 2 адам опат болды. Жүздеген адам қауіпсіз жерге көшірілді. Билік зардап шеккен аймаққа 300-ге жуық сарбаз, 102 арнайы техника мен тікұшақ жіберді. Құтқару жұмысы жалғасуда. 

Эмилио Карридо, жергілікті тұрғын:

Мен мұндай су тасқынын ешқашан көрген емеспін. Көпір де су астында қалды. Үйіміз тұруға жарамсыз болып қалды. Үлкен шығынға баттық.

ЖАУЫННАН ВЬОСА ӨЗЕНІ ТАСЫДЫ

Балқандағы Албания елінде де дауыл соңы жаңбырға ұласып, елдің оңтүстік-шығысндағы Вьоса өзені тасыды. Салдарынан осы өңірдегі таулы жерлерде орналасқан ондаған ауылды су басқан. Кей аудандардан халықты шұғыл эвакцуациялау жүргізілді. Билік жуық арада Вьоса өзені қайта түсіп, жағдай біршама жақсарар деген үмітте.

ҚАРДАН КӨЛІК ҚАТЫНАСЫ ТҰРАЛАДЫ

Ал Сербияда жапалақтап жауған қардан ел астанасы Белград пен өзге де қалаларда көлік қатынасы тоқтап қалды. Қалың қарға шыдамай опырылып сынған  талдар электр сымдарын үзіп, елдің батысындағы біраз ауданды жарықсыз қалдырды. Ауа райының қолайсыздығынан Белградтағы әуежайдан рейстер кейінге шегерілді. Қазір табиғат апатының салдарымен күрес жүріп жатыр.