Еуропа елдерінде шектеу салдарынан кәсіпкерлер шығынға батты

Былтыр шаш етектен шығынға батқан кәсіпкерлер биылғы Рождество мен жаңа жыл мерекесінен үлкен үміт күткен еді. Алайда омикрон штамы жұрттың жоспарын тас-талқан етті, деп хабарлайды Хабар 24.

Қазір көп ел шекарасын жауып, шектеу шараларын енгізді. Салдарынан саяхатшылар сап тыйылып, қоғамдық орындар жабылды. Еуропа елдері омикронның тез тарауына байланысты Рождество мен жаңа жыл қарсаңында шектеу шараларын күшейтті. Мәселен, Нидерландта қатаң локдаун енгізіліп, қоғамдық орындар 14 қаңтарға дейін жабылды. Швецияда дәмханалар мен мейрамханаларға қонақ қабылдауға рұқсат етілмейді.

Сабина Ван де Руит, шаштараз:

– Рождество мен жаңа жылда көп мекеме ұжымдық сауық кештерін ұйымдастырады. Отбасымен немесе достарымен отырыс өткізетіндер де аз емес. Олар салонға келіп, бетін әрлеп, шашын жасататын. Алайда бізде қатаң шектеу шаралары енгізілді. Сондықтан биыл келушілер жоқтың қасы деуге болады. Салдарынан табысымыздан қағылып отырмыз.

Грег Малхолланд, бар иесі:

– Ұлыбританияда Рождество кезінде тамақтану орындары жабылған жоқ. Алайда билік мереке кезінде жүріс-тұрысты шектеңіздер, үйден беталды шыға бермеңіздер деп жатыр. Салдарынан біздің барға келушілер азайды.

БИЫЛ ЛАПЛАНДИЯҒА ТУРИСТЕР АЗ БАРУЫ МҮМКІН

Аяз атаның отаны саналатын Финляндияның Лапландия провинциясындағы кәсіпкерлер де табыстан қағылатындарын айтады. Өйткені омикронға байланысты шетелдіктердің елге кіруіне шектеулер қойылған. Пандемияға дейін желтоқсанда Лапландияға 60 мыңнан аса турист баратын. Былтыр бұл сан 6 есе төмен болды. Салдарынан кәсіп иелері 1 миллион 700 мың доллар шығынға батты. Сарапшылар биыл да келушілер саны аз болатынын болжап отыр. 

АМЕРИКАЛЫҚТАРДЫҢ 11% РОЖДЕСТВО КЕЗІНДЕ СЫЙЛЫҚ ЖАСАМАЙДЫ  

Мереке қарсаңында қарапайым тұрғындарға да оңайға соқпай отыр. «Делойт» компаниясы жүргізген әлеуметтік сауалнамаға сәйкес, америкалықтардың шамамен 11 проценті биыл сыйлық сатып алмайтын көрінеді. Өйткені пандемияға байланысты АҚШ-та инфляция кейінгі 30 жылдағы ең үлкен көрсеткішке жеткен. Сондықтан «қазіргідей жағдайда сыйлықтан гөрі ақшаны одан да маңызды заттарға жұмсаған жөн» дегендер қатары көбейген.  

Джонай Эванс, жергілікті тұрғын:

– Биыл балаларым Рождествоны бұрынғыдай қарсы алмайды. Өйткені жағдайымыз қиын. Баға шарықтап кеткен. Сондықтан бұл жолы сыйлық аллмаймыз. Балаларға обал. Олар әлі кішкентай ғой. Ақша жоқ дегенді түсінбейді. 

LUFTHANSA РОЖДЕСТВО КЕЗІНДЕ РЕЙС САНЫН ҚЫСҚАРТТЫ

Әуе тасымалдаушылар да Рождество кезінде шығынға батып жатқандарын айтады. Немістің «Люфтганза» компаниясы мерекелер кезінде құрлықаралық рейстерді тоқтатты. Өйткені вирус жұқтырған ұшқыштар көп. Салдарынан компанияда кадр тапшылығы туындаған.