Қырғызстанда шекарадағы атысқа байланысты қылмыстық іс қозғалды

Тәжікстан шекарасындағы қақтығысқа байланысты Қырғызстанның Ішкі істер министрлігі "Бейбітшілікке қарсы қылмыс" бабы бойынша іс қозғады.

Сондай-ақ қырғыз елінің Баткен облысынан 11 мың адам қауіпсіз жерге көшірілді. Көк-Терек, Көк-Таш аудандарында электр желісі үзілген. Қазір қалпына келтіру жұмысы жүріп жатыр. Жұмысшылар бригадасының қауіпсіздігін екі елдің полицейлері қадағалауда. Тәжікстан жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі мен тағы бір бейбіт тұрғынның ажал құшқанын хабарлады. Сондай-ақ 10 адам жарақат алған. Оның алтауы тәжік сарбазы. Ал Қырғызстан тарапынан бейбіт тұрғындар мен Әскер арасында құрбандар жоқ. Атыс кеше түнде тоқтаған. Тараптар кездесіп, шекараға тартылған қосымша әскер мен техниканы алып кетуге, Баткен Исфана арасындағы жолды ашуға келіскен.

Қамшыбек Ташиев, Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы:

- 11 сарбаз жарақат алды. Қазір олар ауруханада. Қақтығыс бойынша арнайы комиссия құрылып, барлық мәселелерді қарастырады. Қазір шекарадағы жағдай тұрақталды, толық бақылауға алынды. Торт-Кочо аумағын бірігіп қадағалау туралы келісімге келдік.

Шекарадағы жағдай кеше кешкілік ушыққан болатын. Алдын ала ақпарат бойынша жанжал қырғыз жағының Тәжікстан азаматтарының көлігіне тас лақтыруынан басталған. Сөйтіп, екі елдің тұрғындары арасындағы кикілжің шекарашылардың атысына ұласып, екі жақ та әскер мен соғыс техникасын әкелген.