Украина-Ресей: соғыс әлде саяси ойын?

Украина мен Ресей шекарасындағы жағдайды төрткүл дүние бақылап отыр. Апта басында шетелдік баспасөз беттерінде «Мәскеу көрші мемлекетке басып кіруге дайындалып жатыр» деген дерек тарады. Алайда Ресей мұны жоққа шығарды. НАТО Шығыс Еуропадағы әскери техника санын арттыра бастағаны туралы да ақпарат шықты. Шекарадағы шиеленістен кейін Украинаның төл ақшасы құнсызданып кетті. Екі ел арасындағы ақпараттық соғыс Украинаның бағалы қағаздар нарығына да зор кесірін тигізді. Осылайша, жаңа жылдан бері Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс жаңа қарқынға көшті.

Әлеуметтік желіде ресейлік ауыр әскери техника тиелген пойыздардың бірнеше видеосы тарады. Әсіресе, батыстың БАҚ құралдары пойыздардың Сібірден Украинамен шекаралас аудандарына бара жатқанын дүрліктіріп жеткізді.

Осы екі арада АҚШ пен Ұлыбритания дипломаттарының бірқатарын Украинадан эвакуациялауды ұйғарды. Ал Румыния билігі тіптен, Ресей ресми Киевті басып алған жағдайда босқындарды қабылдауға дайын екенін мәлімдеп үлгерді. Осыдан кейін гривна бірден 4-5 процентке құнсызданып кетті. Украинаның бағалы қағаздар нарығынан инвесторлар белсенді түрде кете бастағаны да байқалды. Бірақ ел президенті Зеленский өз мәлімдемесінде Ресейден төніп тұрған қауіп жоқ дегенді айтты.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

– Бейбіт өмірді орнату үшін мүмкіндігінше төрт президенттің тезірек кездесіп, бір шешімге келуі үшін жұмыс жасап жатырмыз. Әрине, балалық иллюзия бізде жоқ, бәрі оңай емес, бірақ сабыр мен үміттен қол үзген емеспіз. Еуропа өз дипломаттарын Украинадан алдырған жоқ. Алайда бірқатар ел елшілік қызметкерлерін шақырды. Алайда бұл жағдайдың ушығуын білдірмейді, мұны күрделі дипломатиялық ойынның нәзік тұстары деп бағалаймын.

Жергілікті БАҚ құралдары батыс елдеріндегі әріптестердің аса қатты белсенділік танытып отырғанын айтады. Украина шекарасы маңындағы Ресей сарбаздарының санын да артығымен көрсетіп, «әне-міне соғыс басталады» деген үрейлі ақпаратты таратқан. Саяси сарапшы, журналист Петр Билянның пікірінше, мұның барлығы – «саяси ойын». 

Петр Билян, саяси сарапшы:

– Иә, Ресей Федерациясы оқу-жаттығуларға қатысты маневрлер жасады, бірақ әскери жаттығуларды олар өз аумағында жүргізді. Бұл әскерлер Украина шекарасынан 200 шақырымнан астам қашықтықта шоғырланғанын атап өткеніміз жөн. Әсіресе, батыстың БАҚ құралдары Ресей әскерлерінің саны 150 мыңға жетті, әне-міне Украинаға басып кіреді деп жазады. Бұл шындыққа сай келмейді және мемлекетті басып алу үшін жоқ дегенде миллион әскер керек.   

Дей тұрғанмен, Украинаның шығысында сепаратистермен соғыс 8 жыл бойы тоқтаған жоқ. Ұрысты тоқтату туралы көп келісім жасалғанына қарамастан, Донбастағы қақтығыс бір күнге де тоқтаған емес. БҰҰ-ның дерегінше, 2014 жылдың сәуірінен бері осы аймақта 13 мыңнан астам адам қаза тауып, бір миллионға жуық халық үдере көшуге мәжбүр болды.

Аида Қыдырбай, Петр Борейко