Өзбекстандағы риелторлық қызметтің құны аспандап тұр

Өзбекстандағы риелторлық қызметтің құны аспандап тұр

Ташкентте баспана қымбаттаған сайын оны жалдау құны да шарықтап барады. Өзекті мәселе бұл ғана емес. Қоғам баға үстіне баға қосып, пайда тауып қалғысы келетін делдалдардың да қызметіне наразы, деп хабарлайды «Хабар 24».

 Бұл – Ташкент орталығындағы тұрғын үй базары. Ел арасында риелторлардың қара нарығы аталып кеткен. Мұнда пәтер иелерінен гөрі жылжымайтын мүлік агенттері көп. Бірақ риелторлар көрсететін қызмет қымбат. Сондықтан халық олардың көмегіне жүгіне бермейді.

Ринат Сайфидинов, риелтор:

– Мен ұзақ уақыт Ресейде тұрдым. Онда да осындай жағдай. Маклерлік қызметке 50 процент ақы төленеді. Әсіресе ірі қалаларда қымбат. Қазақстанға қатысты да осылай дер едім. Қалай десек те, пәтер жалдау арзанға түспейді.

Ресми риелторлық мекемелердің де қара нарықтан еш айырмашылығы жоқ. Әрбір жылжымайтын мүлік операциясынан ірі көлемде комиссия алынады. Ал баспананы сату-сатып алу келісімінде қызмет құны 3 процент. Мұны қоғам белсенділері мүлде ойға қонымсыз баға деп есептейді.

Әбдумәлік Әлиев республикалық риелторлар ұйымы қауымдастығының атқарушы директоры:

– Риелторлар барлық жалға алу келісімінен 50 процент ақы алады деп ойламаймын. Барлығы бастапқы уағдаластыққа байланысты. Соған сүйеніп, қызметін ұсынады. Қаланың орталығындағы пәтер болса, баға әлбетте қымбатырақ болуы мүмкін. Ал шет жақтағы үйлерде ол сәл төмендейді. Қатып қалған баға жоқ.

Қоғамда риелторлық қызметке қарсы пікір қалыптасқан. Тіпті олардың жұмысына заң бойынша тыйым салу керек дейтіндер бар. Бұл талапқа елдің Парламенті немесе үкіметі тарапынан әзірге жауап жоқ. Қалыптасқан жағдай шетелдіктерге да қолайсыз. Елге жұмыс бабымен немесе туристік мақсатта келгендер пәтерді жалға алу үшін иесіне бір, риелторға екі қомақты қаржы төлеуге мәжбүр.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Санжар Шатөлегенов