Австралияны алапат су тасқыны басты

Австралияны алапат су тасқыны басты

Әлемнің бірқатар елінен маза кетті. Себебі табиғат тосын мінез танытып, тұрғындарды әбігерге салып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Австралия билігі алапат су тасқынының зардабымен күресіп жатыр. Кей елді мекендер әлі күнге дейін су астында. Топан су жолды да шайып кеткен. Сондықтан  қажетті азық-түлік тұрғындарға әскери ұшақпен жеткізіліп жатыр. Жуырда Австралияның бірқатар штатында соңғы екі ғасырда болмаған алапат су тасқыны жүрді.

Стивен Маршал, Оңтүстік Австралия штатының премьер-министрі:

– Топан судың беті қайта бастады. Дегенмен атқарар жұмыс әлі өте көп. Ең алдымен азаматтарға көмектесуіміз қажет. Бұдан бөлек табиғат апатынан келген шығын мөлшерін есептеп, қайта қалпына келтіру жұмыстарын бастауымыз керек.

ЛАЙ КӨШКІНІНЕН 24 АДАМ ОПАТ БОЛДЫ  

Эквадор билігі де қазір табиғат апатының салдарын жоюмен әлек. Бәрі көшелерді қалың лайдан тазартуға күш салып жатыр. Кито қаласында болған апаттан 24 адам қаза тапты. Жарақат алғандар қатары 50-ден асады. Ел билігі мұны соңғы 20 жылда тіркелген ең ірі табиғи апат деп отыр. Бірнеше күн бұрын Эквадордың бірқатар ауданында толассыз жаңбыр жауып, өзендер арнасынан тасыған болатын. Кейін жүздеген үй мен жол су астында қалды.

Уильям Калле, полиция бөлімінің басшысы:

– Әлі күнге дейін нақты қанша кісінің жоғалып кеткенін білмейміз. Қазір ғана бір адам келіп, әйелін таба алмай жүргенін айтты. Біз бәріне қолымыздан келгенше көмектесуге тырысып жатырмыз.