Украинадағы халық соғыс қаупінен үрейленіп отыр

Украина жұрты үрей құшағында. Психологиялық көмекке жүгінгендердің саны артып жатыр. Неге? Себебі Украинаның Ресеймен, енді Беларусьпен қарым-қатынасы күн санап күрделененіп барады. Қарапайым ел тұрғындары алаңдаулы соғыс қаупінен үрейленіп отыр. Ресеймен шекарадағы шиеленіс ушығып тұрған сәтте Украина – Беларусь арасы неге алшақтады? Қос Президент бір-бірін неге балағаттады? 

Аида Қыдырбай, тілші:

- Украинада өткен жылы өнеркәсіптік инфляция көлемі 62 процентке жетіп, 25 жыл бұрынғы рекордты жаңартты. Соңғы айларда Украинаның өнеркәсіптік кәсіпорындары отынның мың текше метрі үшін 1,5 мың доллар төлеуге мәжбүр. Сондықтан ел өндірушілері тауардың барлық түрлері, оның ішінде қант, май және нан өнімдерінің бағасын екі тіптен 3 есеге арттыруға мәжбүр.

Генадий, Киев қаласының тұрғыны: 

- Елде қымбатшылық қысып барады, наннан бастап баланың жөргегіне дейін қымбаттауда.

Осы аптада Украинада бензин бағасы да қымбаттады. Украина мұнай-газ нарығының тәуелсіз маманы Александр Сиренко бензин импортының артуына елдегі газ бағасының қымбаттауы сеп, деп жауап береді. Оның үстіне Украина-Беларусь арасындағы саяси байланысқа сызат түсе бастағаннан бері бензин бағасы сәт сайын құбылып тұр.

Александр Сиренко, Украина мұнай-газ нарығының тәуелсіз сарапшысы:

- Бүгінгі күні шет елдерден Украинаға тасымалданатын бензин импортының 50 проценттен астамы Беларусь еліне тиесілі. Дизель отынның 40 проценті де Беларусь елінен тасымалданады. Беларусь елінен тасымалданатын мұнай өнімдерінің бағасы жылына 3 млрд долларға дейін жетеді. Екі елдің логистикасы өте ыңғайлы, Беларусь зауыттары Украинаға жақын орналасқан. Сондықтан саяси қарым-қатынасқа сызат түссе, сауда айналым күрт төмендейді.

Атап өту керек, 2020 жылдан бері Украина-Беларусь қарым-қатынасына сызат түсе бастады.

Апта бұрын Беларусь Президенті Александр Лукашенко: «Киев пен Мәскеу арасындағы шиеленіс артса, Беларусь отын мен электр энергиясының Украинаға тасымалын тоқтатуы мүмкін»,- деп мәлімдеді. Өз кезегінде Владимир Зеленский: «Екі елдің сауда айналымына сызат түссе, ең алдымен халық зардап шегеді», - деп кері жауап қатқан еді.

Сарапшылар «Беларусьтен бензин тасымалы тоқтатылса, елдегі отын бағасы күрт көтеріледі» деп болжайды.

Александр Сиренко, Украина мұнай-газ нарығының тәуелсіз сарапшысы:

- Украина үкіметі Беларусь отынының тасымалына шектеу қоюы мүмкін. Бұл ретте елдегі бензин бағасы бірден көтеріледі. Дей тұрғанмен, Украина бензинді Польша, Венгриядан сатып ала бастайтын болады. Сондай-ақ теңіз тасымалы тағы бар. Мысалы, Украинаға дизель отын теңіз арқылы Греция, Италия мен Израильден жеткізіледі. Бұл әрине қымбат және бұл қымбатшылық бірден экономикаға әсер етеді. 

Польша, Канада, Ұлыбритания және Америка. Соңғы бір айда Украина аумағына осы елдердің ең заманауы қару-жарағы тонналап тасымалданып жатқанын да айта кеткен жөн. Украинаның сыртқы істер министрі Дмитрий Кулебаның мәліметі бойынша тек соңғы апталарда елге жеткізілген қорғаныс қаруы мен әскери техниканың жалпы салмағы 1000 тоннадан асқан. Мұндай техниканың жалпы құны бір жарым миллиард долларға бағаланады екен. Бұл ақпарат ең елдымен ел тұрғындарын алаңдатып отыр. Бұл ретте психологтың көмегіне мұқтаж халықтың саны да күрт артқан.

БЛИЦ:

- Қорқыныш бар, өйткені қаладағы әскери адамдардың саны бірден артты.  Ұшақ ұшса да үрейленіп қалдық.

- Әрине алаңдаушылық бар. Әрі қарай не боларын ешкім білмейді. Оқиғаның шын мәнін түсінбейбіз, сондықтан қорқышын басым.

Киев мэриясы тұрғындардың назарына бомбадан қорғайтын орындар картасын ресми ұсынды. Бұл картада жерасты кеңістігіндегі баспана, тұрғын үйлердің жертөлелері, жерасты автотұрақтарының мекен-жайлары жарияланған. Елге тонналап жеткізілген қарудан бөлек Украина астанасы Киевте бір мезгілде 9 батальон қатысқан 112 аумақтық қорғаныс бригадасының оқу-жаттығуы алғаш рет өткізілді. Қатысушылар радиотехникалық құралдардың жұмыс істеу негіздерін және хабарламаларды шифрлауды үйренді. Сондай-ақ жеке жауынгерлік дағдылар мен тактика әрі жарылғыш құрылғылармен жұмыс істеудің негізгі қағидаларымен танысты.

Аида Қыдырбай, Петро Борейко