Шаруалар электр қуатының қымбаттауына наразы

Жалпы, бұл күндері әлемнің бірқатар елінде наразылық шаралары өтіп жатыр. Грекия халқы электр қуаты бағасының қымбаттауы мен міндетті вакциналауға қарсы шықты. Шектеулерден әбден қажыған франциялықтар да наразылығын білдіріп жатыр. Елдегі шеру соңы қақтығысқа ұласты. 

Грекиядағы шаруалардың ашу-ызасында шек жоқ. Электр энергиясының қымбаттағанына ашынған еңбеккерлер Лариса қаласының маңындағы тас жолды жауып тастады. Шаруалар әдетте әр тамшысына дейін қастерлейтін сүтті далаға төкті.

Ереуілшілердің басты талабы – электр қуатының бағасын қайта қарау. Сондай-ақ жанар-жағармайға салықты төмендетуді сұрап отыр. Егер үкімет талапқа құлақ аспаса наразы топ елдегі барлық күрежолдарды жабатынын ескертті. Ал билік электр энергиясы бағасының өсуі мұнай мен газ импортына байланысты деп ақталып әлек.

Астериос Цикрицис, шаруалар одағының президенті:

– Қазір шығындарымыз артып жағдайымыз қиындады. Бағаның қымбаттауы фермерлерге ауыр тиейін деп тұр. Мысалы, біздің елде дизельдің литрі 1 еуро 60 цент тұрса, өзге елдерде 70 цент қана. Сондықтан үкіметтен мәселені қайта қарауды сұраймыз.

МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МІНДЕТТІ ВАКЦИНАЛАУҒА ҚАРСЫ

Грекиядағы медицина қызметкерлері де өкпелі. Олар биліктің міндетті вакциналау науқанына қарсы. Екпе салдырудан бас тартқандар парламент алдына жиналды.

Бұл елде 5 мыңға жуық медицина қызметкері екпе салдырмаған. Билік олардың ауруханада жұмыс істеуіне тыйым салған. Жергілікті заң бойынша препарат салдырмағандар өзге де қоғамдық орындарда жұмыс істей алмайды.

ШЕКТЕУЛЕРГЕ ҚАРСЫ ШЕРУЛЕР БАСЫЛМАЙ ТҰР

Жаңа Зеландияда коронавирустық шектеулерге қарсы шерулер әлі де басылмай тұр. Жұрттың басты талабы – міндетті вакциналау мен шектеу шараларын алып тастау. Осы мақсатта мыңдаған адам Парламент ғимараты алдында шатыр тігіп, жолдарды жауып тастаған. Билік өкілдері көпшілікті таратуға тырысып жатыр. Айта кетейін, елдегі ауқымды наразылық акциясына Канададағы жүк көлігі жүргізушілерінің шеруі түрткі болды. Бұл елде, екі аптадан астам уақыт бойы наразы халық шектеулерге қарсылық білдіріп жатыр. Жағдайдың ушыққаны сонша Оттавада тіпті төтенше жағдай жарияланған еді.

Джасинда Ардерн, Жаңа Зеландияның премьер-министрі:

– Шерушілер коронавирусқа қатысты шектеу шараларының бәрін алып тастауды талап етуде. Егер біз мұны жасайтын болсақ, көптеген азаматтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреміз. Әсіресе, ел ішінде коронавирус өршіп тұрған кезде.

НАРАЗЫЛЫҚ СОҢЫ ҚАҚТЫҒЫСҚА ҰЛАСТЫ

Парижде ковид шектеулеріне қарсы наразылық соңы полициямен қақтығысқа ұласты. Қаланың ірі көшелеріндегі көлік қозғалысына кедергі келтірген ереуілшілерді тарату үшін тәртіп сақшылары көзден жас ағызатын газ қолдануға мәжбүр болған. Ондаған белсенді қамауға алынып, жүздеген шерушіге айыппұл салынды.

ПОЛИЦИЯ АҚШ-ПЕН ЖАЛҒАЙТЫН КӨПІРДІ БОСАТТЫ

Канада полициясы «Амбассадор» көпірін бақылауға алды. Бұл шара жоғары соттың шешімен жүзеге асқан. Бірақ шерушілердің талабы орындалған жоқ. Еске сала кетейік, Канадада жүк көлік жүргізушілерінің наразылық акциясы қаңтар айында басталған еді. Олардың көшеге шығуына үкіметтің АҚШ-қа қатынайтын жүргізушілерге вакцинаны міндеттеу туралы үкімі түрткі болды.