Бразилияда тасқын жүзден астам адамның өмірін жалмады

Бразилияда cу тасқыны мен лай көшкіні жүзден астам адамның өмірін жалмады. Рио-де-Жанейрода айналдырған бірнеше сағаттың ішінде жауын-шашынның бір айлық мөлшері түсті. Ал Аргентинаның солтүстігінде орман отқа оранды. Тағы бірқатар елде табиғат тосын мінез танытып, тұрғындарды әбігерге салды

Бразилияның Петрополис қаласы су астында қалды. «Жығылғанға жұдырық» демекші, тасқын соңы лай көшкініне ұласты. Су деңгейі 2 метрге жеткен. Тасқын үйлерді қиратып, жеңіл көліктер мен автобустарды шайды. 300-ден астам тұрғын жылы орнын суытуға мәжбүр болды. Көз жұмғандар қатары жүзден асады. Құтқарушылар құрбандар саны артуы мүмкін деп ескертті. Өйткені қирандылар әлі толық аршылмаған. Петрополисте төтенше жағдай жарияланды. Дәл қазір Мәскеуде сапарда жүрген президент Жаир Болсонару зардап шеккендерге көмек көрсетуге уәде берді.

Эмерсон Торрес, кәсіпкер:

– Лай көшкіні жүргенде дәмханадан анамды алып көшеге жүгіріп шықтым. Көрші үйге өте бергенде жотадан көшкен лай батпақ үйлерді жайпап, тас талқан етіп кел жатқанын байқап қалдым. Мен мұндай апатты бұрын соңды көрген емеспін.

ГЕРМАНИЯДА «ИЛЕНИЯ» ДАУЫЛЫ ӘЛЕУ САЛУДА

Германияның солтүстігі мен батысында «Иления» дауылы соғып, кей аймақтарда теміржол қатынасы тоқтады. Жиырмадан астам әуе рейсі кейінге шегерілген. Сағатына 152 шақырым жылдамдықпен ұйытқыған дүлей жел жолындағы талдар мен электр бағаналарын опырып, үйлердің шатырын ортасына түсірді. Абырой болғанда, әзірге ешкім жапа шекпеген. Қазір өңірлерде табиғат апатының салдарымен күрес жүріп жатыр. Ауа райын болжаушылар дүлей желдің екпіні бүгін басылатынын айтады. Алайда ертең Британия аралдарынан тағы бір дауыл жақындады деп ескертті.

ЖОЙҚЫН ЗІЛЗАЛА БОЛДЫ

Гватемалада жер сілкінді. Зілзала қуаты 6,2 баллға жеткен. Жерасты дүмпуі елдегі 22 аймақтың 18-інде сезілді. Өкінішке қарай, табиғи апаттан 3 адам көз жұмды. «Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, марқұмдар жүрек талмасынан қайтыс болған. Зілзала ошағы 90 шақырым тереңдікте тіркелді. Жер сілкінісі лай көшкінін тудырып, бірнеше тас жолды басып қалды.

ОРМАН ӨРТЕНІП ЖАТЫР

Аргентинада орман өртеніп жатыр. Елдің солтүстігінде тұтанған от 500 мыңнан астам гектар аумақты жалмаған. Бұл осы аймақтағы жердің 6 процентін құрайды. Тілсіз жауды ауыздықтау әзірге мүмкін болмай тұр. Өртті сөндіруге құрғақ ауа райы үлкен кедергі. Билік сақтық ретінде тұрғындар мен қонақ үйлердегі адамдарды қауіпсіз жаққа шұғыл көшіріп жатыр.