Украинадағы ахуал: Зеленский Байденге алғысын білдірді

Владимир Зеленский Джо Байденге Ресей мұнайын импорттауға тыйым салғаны үшін алғыс айтты.

Зеленский бұл шектеу Ресей экономикасына қатты соққы болады деп есептейді. Ол сондай-ақ Ресей басшысын соғысты тоқтату үшін тікелей келіссөзге шақырды.  Айта кетейік, кеше АҚШ Ресей мұнайын сатып алуға тыйым салған бетте, қара алтын бағасы шарықтады. Дегенмен Еуропа елдері бұл санкцияға әлі қосылған жоқ.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

– Мен бұл шешім үшін АҚШ президенті Джо Байденге жеке алғысымды білдіремін. Осындай қадамға барып, бүкіл әлемге белгі бергені үшін. Себебі Ресейге төленген әр тиын оқ пен бомбаға айналып өзге егемен елдерге бағытталып жатыр. Ресей не халықаралық құқықты қорғайтын болады, не онда соғыс ашатын ақшасы болмайды.

РЕСЕЙ ЕУРОПАҒА ГАЗ ТАСЫМАЛДАУДЫ ТОҚТАТАТЫНЫН АЙТЫП СЕС КӨРСЕТТІ

Ал Ресей Вице-премьері Александр Новак Батыс елдері «Солтүстік ағын -2» жобасын тоқтатқаны үшін, Еуропаға «Солтүстік ағын-1» газ құбыры бойынша газ жеткізуді доғаратынын айтты. Егер Ресей мұндай қадамға барса еуропалық тұтынушылар үшін газ бағасы бірден шарықтайды- дейді Новак. Ол сондай-ақ Ресей мұнайын импорттауға тыйымға қатысты да өз ойын айтты.

Александр Новак, Ресей федерациясының вице-премьері:

– Еуропа нарығында Ресей мұнайын тез ауыстыру мүмкін емес. Бұған көп жыл қажет және өзге шикізат еуропалық тұтынушылар үшін қымбатқа түседі. Айналып келгенде бұл әрекеттен тұтынушылар зардап шегеді. Сондықтан саясаткерлер өздерінің азаматтарын жанармай бекеттерінде, электр энергиясына және жылуға баға күрт өсетінін ашық айтулары керек. Бұл америкалықпен бірге өзге де нарықтарға кері әсер етеді.