Қолға түскен сарбаздар Ресейге қайтудан бас тартуда – В.Зеленский

Kommersant

Украина қарулы күштерінің қолына түскен Ресей сарбаздары елге қайтудан бас тартып жатыр. Оларды Кремль де кері қайтарғысы жоқ. Кезекті жолдауында президент Владимир Зеленский осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондай-ақ ол Ақ үй басшысы Джо Байденге көмек көрсетіп жатқаны үшін алғыс білдірді. Зеленский нақты қандай жәрдем екенін әзірге ашып айта алмайтынын жеткізді. Украина президенті Ресей әскеріне жалданатын жауынгерлерге қысқа ғұмыр үшін төленген ақшадан ұзақ өмірдің абзал екенін ескертті.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

- Ресей әскері оларды 24 ақпаннан кейін не күтіп тұрғанын, қарсылыққа тап болатынын білмей қалды. Міне 22 күннен бері біз оларға тойтарыс беріп келеміз. Бізде Ресей әскері басқа елдерден жауынгер жалдап жатқанын жақсы білеміз. Украина жерін жаулауға келетін адамдарға бұл олардың өміріндегі ең жаман шешім екенін ескертемін.

РЕСЕЙГЕ САЛЫНҒАН САНКЦИЯЛАР ЗОР МҮМКІНДІКТЕР АШҚАНЫ АЙТЫЛДЫ

Қырым экономикасы Батыс санкцияларынан қатты зардап шекті, бірақ Ресейге салынған жаңа шектеулер түбектегі бизнес үшін зор мүмкіндіктер ашты. Кремль басшысы Владимир Путин осылай деп мәлімдеді.

Владимир Путин, Ресей президенті:

- Қырым мен Севастопольдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін кеңінен талқылаймыз. Арнайы әскери операциядан кейін жаңа санкциялардың салынғаны белгілі. Дегенмен бұл шектеулер біз үшін зор мүмкіндіктер есігін ашып отыр. Ірі бизнес құрылымдар бұрын санкциядан қорқатын, қазір ондай қорқыныш жоқ.