БҰҰ: Украинадағы қарулы қақтығыстан бейбіт халық арасында шығын көп

Украинада қарулы қақтығыс басталғалы 726 бейбіт тұрғын қаза тауып, 1 мыңнан аса адам жараланған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Марқұмдардың 52-сі – бала. БҰҰ Саяси мәселелер жөніндегі  бөлімінің басшысы Розмари Дикарло Қауіпсіздік кеңесінде осылай деп мәлімдеп, бұл әрекеттерді тыңғылықты тексеруді және кінәлілерді жауапқа тартуға шақырды. Оның айтуынша, бейбіт халық арасында құрбандар саны мен азаматтық инфрақұрылымға келтірілген шығын орасан зор. Мысалы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 43 емдеу орнына шабуыл жасалғанын айтады. Салдарынан 12 адам көз жұмып, ондаған тұрғын жараланған.

Розмари Дикарло, БҰҰ саяси мәселелер жөніндегі бөлімінің басшысы:

- Шын мәнінде қарулы қақтығыстан қаза тапқандар мен жараланғандар ресми ақпардан әлдеқайда көп. Себебі елді мекендер ауқымды қарулармен атқыланып жатыр. Салдарынан жүздеген үй мен аурухана, мектептер талқандалып бүлінген.