Бразилияда су тасқынынан бес адам қаза тапты

Бразилияда су тасқынынан бес адам қаза тапты

Бразилияның Петрополис тарихи қаласында толассыз жауған нөсер соңы тасқынға ұласып, бес адам ажал құшты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тағы төртеуі із-түзсіз жоғалып кеткен. Іздеу-құтқару жалғасты. Операция нәтижесіз емес, 31 тұрғын аман-есен табылды. Бұл жұмысқа иісшіл иттер мен дрондар да жұмылдырылған. Лай көшкіні жүруі мүмкін деген 60-тан астам қауіпті аумақ айқындалды. 15 ақпанда Петрополис қаласында 6 сағат ішінде жауын-шашынның 1 айлық мөлшері түсіп, 233 адам көз жұмған болатын.

Фабио Контрейрас, құтқарушы:

- 12 сағат ішінде 400 миллиметр жауын-шашын түсті. Қала қайтадан табиғи апат құрсауында қалды. 180 өрт сөндіруші тартылды. Қызу жұмыс болып жатыр.

Изабел Карвало, жергілікті тұрғын:

- Ағам Марио ұшты-күйлі жоғалып кетті. Шарқ ұрып іздеп жатырмыз. Тасқын басталған бетте ол досына мүгедек анасын көшірісуге кеткен. Содан бері олардан хабар жоқ.

АҚШ-тағы Техас штатының солтүстігінде дауыл соғып, найзағай түсіп, 4 адам жарақат алды. Сондай-ақ күшті жел бірнеше үй мен ғимараттың шатырын ұшырып әкеткен. Жануарларға күтім жасалатын орталыққа да зақым келді. Билік алдағы уақытта торнадо соғуы мүмкін деп ескертті.

Бред Борнет, мектеп директоры:

- Дауыл 2 кампусымыз - бастауыш және орта мектеп ғимараттарына зақым келтірді. Шатыры ұшып, қабарғалары қирап қалды. Абырой болғанда, оқушыларымын мен қызметкерлерге зияны тиген жоқ. Сабақтарды кейінге шегердік. Мектептің қашан ашылатыны әзірге белгісіз.