Украина әскері Киев облысын толық азат етті

РИА Новости

Ыстамбұлдағы келіссөзде Ресей өкілдері «әскери белсенділікті азайтамыз» деп уәде бергенімен, Украина билігі Кремль тарапынан оқ ату тоқтамағанын хабарлады. Сарапшылар мен әлемдік БАҚ «Бұл аптада Украина әскері күш ала бастады» дейді. Ресейдің де өз көздегені бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Украина әскері Киев облысын толық азат етті. Қазір Чернигов облысындағы елді мекендер үшін күрес жүріп жатыр. Ұрыс барысын президент Владимир Зеленский әдетінше күнделікті баяндап отыр. Айтуынша, Кремль басып алған Херсон аймағында референдум өткізуі мүмкін. Қазір Ресей әскерін Мариуполь маңына топтастырып жатыр. Сондай-ақ Украина әскеріндегі сатқындар да тұтылуда. Зеленский қауіпсіздік қызметінің екі басшысын опасыздық жасады деген айыппен жұмыстан шығарып, генерал шенінен айырғанын жеткізді. 

Владимир Зеленский, Украина президенті:

- Бұрын басып алынған аймақтарда Украина туы қайта желбірей бастады. Әскеріміз қазір елдің шығысы мен Донбасста әлеуетін күшейтіп жатыр. Жау бізге шығыстан шабуыл жасауға дайындалып жатқанын жақсы білеміз. Ресей әскерінің қазіргі мақсаты қандай? Олар Донбасс пен еліміздің оңтүстік аймағын басып алуды көздеп отыр. Ал біздің мұратымыз – жерімізді, халқымызды, бостандығымызды қорғау. Өліспей беріспейміз!

Ресей билігі Мариуполь қаласынан қашып шықпақ болған «Азов» арнайы күштерін тас-талқан еткенін хабарлады. Сондай-ақ Украинаның 2 тікұшағы атып түсірілген. Ал Кремль басшысы Ресейдің егемендігін қорғауға бағытталған шаралар қабылдайтынын мәлімдеді.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

- Ресейдің табиғи газын ниеттес емес елдерге сатуды реттейтін жарлыққа қол қойдым. Енді Ресейдің көгілдір отынын алу үшін Ресей банктерінен рубльмен есеп айырысатын шот ашу қажет болады. Газ жеткізуге арналған бұл төлем жүйесі 1 сәуірден күшіне енеді. Егер бұл шарт жасалмаса, онда келісімшарттың талаптары орындалмайды.

Украина билігі Ресейде жанармай қоймасындағы жарылыс туралы хабарды әлі растаған жоқ, жоққа да шығармады. Белгород облысының әкімшілігі Киев жергілікті мұнай базасына шабуыл жасады деп айыптаған еді. Олардың ойынша, Украинаның қарулы күштері әскери тікұшақтармен соққы жасаған.

Алексей Арестович, Украина президентінің кеңесшісі:

- Біз өз жерімізді қорғап жатырмыз. Ресей өз аумағында болып жатқанға өзі жауап береді. Олар Белгородта не болғанын анықтауға тиіс. Мүмкін жарылыс темекі тұқылынан болған шығар. Бәлкім сарбаздар бұйрыққа бағынбай, бұра тартқан болар. Қалай десек те бұл жарылыстар үшін жауапкершілік Ресейдің өз мойнында.

Желіде зымыранның атылғанын көрсеткен бақылау камерасының видеосы жарияланды. Associated Press агенттігі бұл кадрлардың шын-өтірігін тексере алмай отыр. Ресейдің Қорғаныс министрлігі мәлімдеме таратты.

Игорь Конашенков, РФ қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:

- 1 сәуірде Украинаның 2 «Ми-24» тікұшағы Ресейдің әуе кеңістігіне төмен биіктікте кірді. Сосын олар Белгород маңындағы азаматтық мұнай қоймасын зымыранмен атқылады. Нысанға зақым келіп, отқа оранды. Бұл қойма азаматтық көлік құралдарын жанармаймен қамтамасыз ету үшін ғана пайдаланылады. Қарулы күштерге еш қатысы жоқ.

Қара теңіздің жағасында орналасқан Одессаға бүгін таңертең зымырандармен шабуыл жасалғаны хабарланды. Соққы салдарынан құрбан болғандар туралы ақпарат түскен жоқ.

Ернат Мелсұлы