Еурокомиссия Мәскеуге бесінші рет санкция салды

Жаңа шектеулер бойынша Кремльден жылына 4 миллиард еуроға көмір сатып алуға және Ресей кемелерін кәрі құрлықтағы теңіз айлақтарына кіргізуге шектеу қойылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұдан басқа, ресейлік ВТБ мен тағы ірі 3 банктен транзакция қабылдауға және Мәскеуге 10 миллиард еуроға компьютерлер, көліктер мен транспорт құрал-жабдығын экспорттауға тыйым салынды. Сондай-ақ Ресейден жалпы құны 5 жарым миллиард еуроны құрайтын тауарлар импортының жолы кесілді. Олардың арасында ағаш пен теңіз өнімдері, цемент пен спирттік ішімдіктер бар. Брюссель қазір Ресей мұнайын тасымалдауға да тыйым салу жағын қарастырып жатқанын жеткізді.

Урсула Фон Дер Ляйен, Еурокомиссия президенті:

- Бұған дейін Еуроодақ 4 рет салған санкциялар легі Кремльдің саяси және экономикалық мүмкіндіктерін қатты шектеді. Зардабын көзіміз көріп отыр. Соңғы оқиғаларға сәйкес қысымды тағы күшейтіп жатырмыз. Ресей экономикасын құлдыратуға бағытталған санкциялар салынған сайын қатаң болып барады.