Украинада соғыс басталғалы 11 миллионнан аса адам босқынға айналды

Украинада соғыс басталғалы 11 миллионнан аса адам босқынға айналды
DW

Оның 4 миллионнан астамы шекара асқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тек соңғы тәулікте 60 мыңға жуық адам елден ауған. Ал жұртта қалғаны ел ішіндегі қауіпсіз аудандарға көшуге тырысып бағуда. Дәл осындай мақсатпен Краматорск қаласындағы вокзалда 4 мыңға жуық бейбіт тұрғын эвакуацияға дайындалып жатқан сәтте ғимаратқа зымыранмен шабуыл жасалды.

Украинаның Буча қаласында түсірілген кадрлар бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Билік жақында азат етілген бұл шаһар көшелеріне бейбіт тұрғындардың мәйіттері табылып жатқанын айтады. Буча мэрі 300-ден аса тұрғынның көз жұмғанын айтып, бәріне Ресей әскерилерін кінәлап отыр. Алайда Кремль кадрларды Киевтің арандату әрекетіне бағалап, мұның бәрін жоққа шығарды.

Мынау Украинаның Буча қаласы. Киевтен 30 шақырым жерде орналасқан.  Әскери іс-қимылдар бастала салысымен Ресей жауынгерлері оны бірден басып алған. Шиеленіске дейін мұнда 50 мыңнан аса адам тұрыпты. Алайда кейінгі бір ай ішінде шаһарда 4 мың адам қалған. Жақында азат етілген Бучаның инфрақұрылымы тас-талқан етілген. Көп жерге мина қойылған. Сондықтан билік әзірге тұрғындардан үйіне қайтпауын сұрап отыр. Украина билігі мына жантүршігерлік кадрлар осы Бучада түсірілгенін айтады. Қала басшысының мәлімдеуінше, әскери іс-қимылдар басталғалы 320 тұрғын көз жұмған.

Анатолий Федорук, Буча қаласының мэрі:

– Мен бұл соғыста әскери іс-қимылдардың барлық ережелері сақталатын шығар деп ойлаған едім. Яғни жауынгерлер бейбіт тұрғындарға зорлық-зомбылық көрсетпеу керек-тін. Алайда мен сұмдық көріністің куәсі болдым. 1 сәуірде қала көшелерімен жүріп өтіп, темір жол өткелі жанындағы қираған үйлер мен өртенген көлікті көрдік. Возкальная және Яблонская көшелерінің қиылысында 21 адамның жансыз денесін көрдік. Олардың қолдары байланған. Атып өлтірілген. Мәйіттердің былай жатқанына біраз болғанын түсіндік. Өйткені кейбірін иттер жей бастаған. Күн сайын қаланың түрлі бөлігінен бақта, саябақта, балалар алаңында адамдардың денесін тауып жатырмыз.

Украина билігі бәріне Ресей жауынгерлерін айыптап отыр. Олар «Максар Текнолоджис» компаниясының жер серігінен түсірілген суреттерді дәлел ретінде келтіреді. Оларды «Зэ нью-Йорк Таймс» басылымы жария етті. Суреттер 9 наурыздан бастап, яғни Буча Ресей әскерінің бақылауында болған кезде көшеде мәйіттердің пайда бола бастағанын растайды. Адамдардың мәйіті шаһар азат етілгеннен кейінгі Украина билігінің ұсынған кадрларындағыдай сол қалпында жатыр. Бірақ Ресей жағының айтуынша, мұның бәрі Киевтің кезекті арандату әрекеті. Қорғаныс министрлігінің өкілдері Буча Ресей әскерінің бақылуында болғанда бірде-бір бейбіт тұрғынға зорлық-зомбылық көрсетілмеген дейді. Олар қаланың оңтүстік аудандары күні-түні Украина әскерилерінің шабуылына ұшырағанын айтады. 

РФ Қорғаныс министрлігі:

Буча Ресей әскерінің бақылауында болған кезде тұрғындар қалада емін-еркін жүріп, ұялы байланысты қолданып келді. Елді мекеннен шығатын жолдар жабылған жоқ. Тұрғындарда солтүстік бағытта, соның ішінде Беларуське қарай шығу мүмкіндігі болды. Ал шаһардың оңтүстік аудандарын Украина әскерилері атқылап отырды. Ресей жауынгерлері Мәскеу мен Киев арасындағы келіссөздерден кейін келесі күні, яғни 30 наурызда Бучадан кетіп қалған. 31 наурызда қала мэрі Анатолий Федорук бейнеүндеуінде Ресей әскерінің жоғын растады. Бірақ қолдары байланып көшеде жатқан мәйіттер туралы тіс жарған жоқ.