Әлемдік қауымдастық Ресейді айыптады

Pars Today

Ресейге қарсы салынып жатқан санкциялар күн өткен сайын ұлғайып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Батыс елдері өз шектеуін тұтас экономикаға емес, жекелеген тұлғаларға, кәсіпорындар мен қаржылық құрылымдарға бағыттап жатыр. Мақсат біреу – Ресейдің тынысын тарылту, сағын сындырып, дамуын тежеу. Бізге көршілес елдің Украинадағы әрекетін айыптап жатқан мемлекеттер тіпті дипломатиялық соғыс жариялауға көшкендей. Ресейдің консулдығын жауып, дипломаттарын елдерін қуып жатыр. Батыс елдері осы аптада Ресейге қарсы санкциялар тізімін одан әрі толықтырды. Украинаның Буча қаласында түсірілген жантүршігерлік кадрлар жария етілгеннен кейін Еуроодақ Ресейге қарсы санкциялардың жаңа пакетін әзірледі. Оған сай кәрі құрлық елдері ресейлік көмір импортынан толығымен бас тартпақ. Бұл шектеу тамыздың ортасында күшіне енеді. Сонымен қатар Ресей кемелерін «кәрі құрлықтағы» теңіз айлақтарына кіргізуге шектеу қойылды. ВТБ-мен тағы 3 ірі банктен транзакция қабылдауға және Мәскеуге 10 миллиард еуроға компьютерлер, көліктер мен транспорт құрал-жабдығын экспорттауға да тыйым салынды. Сондай-ақ Ресейден жалпы құны 5 жарым миллиард еуроны құрайтын тауарлар импортының жолы кесілді. Олардың арасында ағаш пен теңіз өнімдері, цемент пен спирттік ішімдіктер бар. Брюссель қазір Ресей мұнайын тасымалдауға да тыйым салу жағын қарастырып жатқанын жеткізді.