Филиппиндегі дүлей дауыл 25 адамның өмірін қиды

Филиппиндегі дүлей дауыл 25 адамның өмірін қиды

Филиппинде «Меги» атты тропикалық дауыл жергілікті халықты есеңгіретіп тастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жауын-шашын мен қатты желден аймақта су тасқыны мен лай көшкіні басталған. Апаттан 25 адам мерт болды. Құтқару-іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Мамандар 6 адамның із-түзсіз жоғалғанын айтады. Әдетте Филиппинде жылына 20-ға жуық дауыл болады. Ал «Меги» биыл болған ең жойқын дауылға айналып отыр. Желдің максималды екпіні секундына 49 метрге дейін жеткен. Апаттан 8 аудандағы 140 мыңнан астам адам зардап шекті. Қауіпті деп саналған өңірлерден 29 мың 200 отбасы үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Тағы 4,5 мың адам алдын ала эвакуацияланған. Қазір апат болған аймақ жарықсыз қалды.