Украиналық босқындардың саны 5 млн-ға жуықтады – БҰҰ

BBC

Туған жерін тастап қашуға мәжбүр болған босқындардың тең жартысы – жасөспірім балалар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Украиналықтарға уақытша қорғаныс кепілдігін беруді, әсіресе, Еуропа елдері жүйелендірді. Оның ішінде Бельгия корольдігі ірі және шағын шаhарларында босқындар үшін лагерь құра бастады.

Украинадағы әскери қақтығыстың бүгін елу үшінші күні: елде соғыс әлі тоқтаған жоқ. БҰҰ ресми мәліметі шет елге қашқан украиналық босқындардың саны 5 млн-ға жуықтағанын жариялады. Алты жасар немересімен Харьков қаласынан жыраққа қашуға мәжбүр болған Владимир қазір Бельгияда. Немерем үшін ғана жанымды шүберекке түйдім дейді ақсақал. Бала келесі сейсенбіде жергілікті мектепке бармақшы. Дей тұрғанмен, ракета мен снарядтың дауысынан бүлдіршін әбден шошып қалған, әлі күнге дейін ұшақтың дауысынан үрейі ұшады.

Владимир, украиналық босқын:

- Немереммен жертөледе бес күндей тығылып отырдық. Сосын көрші ауылда жасырындық. Ол жердегі үй әуежайға жақын болған соң, оқ сол жерде атылды. Бала снарядты да, ракетаны да көрді. Тыныштық іздеп, осы жаққа дейін жеттік, міне.

Алты жасар ұлын жетектеп, Еуропадағы лагерьге жеткен босқынның тағы бірі - Аня. Ол Бельгияға Бердянск қаласынан келген. Бұл зұлматтың барлығы уақытша деп сенем дейді украиналық босқын.

Анна, украиналық босқын:

- Екі бауырым мен жолдасым Украинада қалды. Уайымдап жүрмін қатты. Балам осы сейсенбіде сабаққа жазылды. Барлығы уақытша деп сенемін. Үйге қайтатын күн алыс емес.

Владимир да, Аня да қазіргі күні Бельгияның Левен қаласындағы лагерьде уақытша күн кешіп жатыр. Босқындардың мұндай лагері бүгінгі күнге дейін 150 украиналықты қабылдаған әлі де 200 босқынды қабылдауға әзірлік жүргізіліп жатыр. Жалпы, Бельгия корольдігіндегі босқын ретінде ресми тіркелген украиналықтардың саны алты мыңға жуықтайды. Босқындарға көмек мемлекеттік және қалалық қана деңгейде ғана емес, еріктілер тарапынан да көрсетіліп жатыр.

Татьяна, волонтёр:

- Соғыс басталған алғашқы күннен бастап Бельгия көмек беру үшін бірден ұйымдаса алды. 20-40 орындық автобус жалдап, Польша шекарасынан босқындарды өздері күтіп алатын еріктілер өте көп болды. Украиндықтар қонақ үй, жанұяда орналастырып жатыр, не болмаса Бельгияның қала мэриясы босқындар тұратын осындай лагерь жасақтады. 

Джон, волонтёр:

- Түрлі бастамалар ұсынамыз. Мемлекет қана емес, Украина үшін жаны ауыратын жалғыз адам да көмек көрсете алады. Тамаша табиғат аясында орналасқан бұл лагерь украиналықтарға уақытша пана боладыдеп сенеміз.

Аида Қыдырбай, тілші:

- Дей тұрғанмен, шет елден пана таба алмай үйлеріне, Украинаға оралатын украиналықтардың саны күніне 30 мың адамды құрайды. Бұл туралы Украинаның кеден қызметі мәлімдейді. Әзірге, Украина билігі босқындарды тыныштық орнамайынша туған жерге шақырмайды, әлі күнге дейін украинаның бірде-де бір өңірі қауіпсіз деп есептелмейді.

Аида Қыдырбай