Ресейге салынған санкциялар ықпалы қандай

Батыс елдерінің санкцияларына қарамастан Ресейдің энергоресурстарын сатып алатын елдер жеткілікті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Батыстың шектеу шараларына қатысты Оманға сапарында осылай деп мәлімдеді. Оның пікірінше, Батыс елдері энергия үшін Ресейге енді бұрынғыға қарағанда көп төлейтін болады. Яғни мұның қарапайым халыққа салдары ауыр тиеді деп отыр. Ал Ресей Орталық банкі Батыс елдерінің Ресейге санкциялары кем дегенде 2024 жылға дейін созылады деп болжайды.

Сергей Лавров, Ресей сыртқы істер министрі:

– Біз жағдайдан тиісті қорытынды шығардық. Енді тек өзімізге сеніп, сенімді серіктестерімізге ғана арқа сүйейтін боламыз. Біздің энегоресурстарды сатып алатын өзге елдер жетеді. Біз солармен жұмыс істейміз. Ал Батыс елдері болса енді Ресейге қымбат төлеп, халқына неге кедейленіп жатқанын түсіндірсін.

Айта кетейік, Еуропалық Одақ Ресейге қарсы санкциялардың алтыншы пакетін дайындап жатыр. Онда Ресейдің тағы жаңа банктерін свифт есеп жүйесінен ажырату мен мұнайды сатып алуға шектеулер қамтылмақ. Ал Ресей есеп палатасының пайымынша, санкциялар аймақтардың бюджетіне кері әсер етеді. Мысалы, Ресей аумақтарынан ортақ бюджетке түсетін кіріс жиынтығы биыл 8 процентке дейін қысқаруы мүмкін.