Ресей өзінің криптонарығын толық бақыламайды

Ресей өзінің криптонарығын толық бақыламайды

Ресейде тағы бір криптовалюта алаяқтығы анықталды. Мәскеулік компанияның бас директоры цифрлық төлем жүйесіне инвестициялаудан түсетін жоғары кірісті уәде етіп, жеке тұлғалардан ақша жинаған. Фирманың шетелде филиалдары ашылып, БАҚ-та белсенді түрде жарнама жүрген.

Ал жәбірленушілер шетелдік банк шотына жаппай ақша аударған. Қазір ресейліктердің бірнеше миллион криптовалюта әмияны бар. Алайда елде криптовалюта нарығы ешқандай заңмен реттелмеген. 

Криптовалюта мен блокчейн технологиясы бүгінде қарқынды дамып ке­леді. Экономикалық дағдарыс пен қор нарығындағы тұрақсыздық жағдайында адамдар жинақтарды сақтау және ұлғайту үшін биткоин,  альткоин және басқа да виртуалды валюталарды пайдаланады. Сарапшылардың пікірінше, ресейліктер криптовалюта әмиянында шамамен екі триллион рубль сақтайды. Блокчейн, криптовалюталар, олармен бірге NFT токендері алаяқтардың пайда көзіне айналған. Дегенмен, бұл технологиялардың қалай жұмыс істейтінін және жобаны алаяқтық схемадан қалай ажыратуға болатынын тұрғындардың басым бөлігі түсінбейді. Өкініштісі сол, криптовалюта айналымы қаржы органдары тарапынан толық бақыланбайды.

Владимир Ульянов, киберқауіпсіздік жөніндегі сарапшы:

- Криптовалюталар заңмен реттелмейді. Криптовалюта саласында қызмет көрсететін ойыншыларды тіпті бақылау мүмкін емес. 

2021 жылы Ресей Орталық банкі қаржы пирамидасының белгілері бар үш мыңға жуық компанияны анықтады. Олардың жартысынан астамы криптовалюта схемаларын пайдаланған. Көбінесе алаяқтар криптоактивтерді сатып алу арқылы жоғары табысқа кенелуді ұсынады. Зерттеушілердің айтуынша, криптовалюталық алаяқтық былтыр қылмыстың ең көп таралған түріне айналды. Одан келген шығын 2020 жылмен салыстырғанда 80%-ке өскен. 

Дамир Кудряков, сарапшы: 

- Бұл көрсеткіш бірнеше есе өседі деп болжануда. Криптовалюталар алаяққа қаражатты жасыруға көмектеседі. Осылайша қазірдің өзінде ұсталған алаяқтан бұл қаражатты тәркілеу қиын. 

Тікелей алаяқтық схемалардан басқа киберұрлық қаупі де бар. Виртуалды валюталар мұндай қылмыстардан қорғалмаған. Мысалы, DeFi қаржы жобасын белгісіз хакер бұзып, 13 миллион доллардан астам криптовалюта ұрлаған. Бұл соңғы екі айдағы көрсеткіш. Дегенмен, алаяқтардың құрығына көбіне  қаржылық сауаттылығы жоқ инвесторлар түседі екен. Киберқауіпсіздік сарапшыларының айтуынша, жоғары кіріс жоғары тәуекел деген сөз. Сондықтан егер брокер рекордты мол табыс уәде етсе, бұл пирамида схемасы болуы мүмкін екенін ескертеді. 

Дана Нуржан, Шахзод Гамиров