Эвакуациялау жалғасып жатыр – Мариуполь

Мариуполь қаласындағы «Азовсталь» зауытынан украиналық сарбаздар әлі де шығарылуда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Украина тарапы оны эвакуациялау операциясы десе, Ресей тұтқынға берілу деп атап отыр. Кеше өндіріс ошағынан тағы 7 автобус шығып, Ресей күштерінің бақылауындағы Донецк түбіндегі Еленовка елді мекеніне жеткізілді. Дүйсенбі күні комбинат аумағынан 264 украиналық жауынгер шығарылған болатын. Украина вице-премьері Ирина Верещуктың мәлімдеуінше, жағдай тұрақталған соң оларды тұтқындағы Ресей жауынгерлеріне айырбастау көзделіп отыр.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

Эвакуация жалғасып жатыр. Оны біздің әскерилер мен барлаушылар бақылап отыр. Шараға ең ықпалды халықаралық ұйымдар атсалысып жатыр.

Ал Мәскеудің зауыттан шығарылған украиналық сарбаздарға қатысты қандай жоспары бары әлі белгісіз. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков украиналық әскерилерге қатысты халықаралық заңға сай шешім қабылданатынын айтты. Бірақ оларды әскери тұтқын ретінде қарастыруға бола ма деген сұраққа жауп беруден бас тартты.