Перуде түрмеге есірткі тасып жүрген көгершін ұсталды

Оқиға Уанкайо қаласындағы абақтыда болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көгершін жауыннан кейін түрме ауласында пайда болған шалшықтан су ішпек болып қонады. Осы кезде күзешілер оның мойнына бір ілінген затты байқап қалады. Құсты ұстап алып тексере келгенде шағын қаптың ішінен 30 грамм марихуана шығады. Қазір полиция құстың қожайынын іздеп жатыр. 

Эдвард Диас, Перу полициясы қоғамдық тәртіп және ұлттық қауіпсіздік бөлімінің басшысы:

- Көгершіннің мойнына есірткі көтере алатындай мөлшерде ілінген. Біз құс есірткіні түрмедегі сотталғандардың біріне тасып жүрген деп ойлаймыз. Қазір тергеу жүріп жатыр.

ҚАЙЫҚТАН 1 ТОННАҒА ЖУЫҚ КОКАИН ТАБЫЛДЫ

Сальвадор жағалау күзеті шетелге жеткізілмек болған 810 келіден аса кокаинды қолға түсірді. Әскерилер заңсыз жүкті Ла-Конкордия қаласына жақын жерде бір қайықтан тапты. Қапқа оралған есірткі оның түбіне жасырып салынған. Үш адам ұсталып, тергеу жүріп жатыр. Полиция қолға түскен кокаиннің қара нарықтағы құны 2,25 миллион доллар деп отыр. Жүк Эквадордан Мексиканың Оахака штатына жеткізілмек болған.