Үндістандық саясаткерлердің пайғамбар туралы сөзі ірі жанжалға түрткі болды

Үндістанда аңдамай сөйлеген саясаткерлер салдарынан дипломатиялық жанжал шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Партия өкілдері тікелей эфир кезіндегі пікіріталас барысында Мұхаммед пайғамбарға тіл тигізген. Сарапшылар бұл жергілікті экономикаға кері әсер етуі мүмкін екенін айтады. Өйткені Иран, Пәкістан, Бангладеш және өзге де бірнеше мемлекет Үндістан тауарынан бас тартып жатыр. Ал әлемнің бірнеше елінде ереуілдер басылар емес. 

Іле-шала ел билігі саясаткерлерді жұмыстан да, партиядан да шығарып жіберді. Ал Иран, Катар, Кувейт билігі Үндістан елшісін шақырып, наразылық нотасын білдірді. Үндістанның Сыртқы істер министрі партия өкілінің аңдамай айтқан пікірі мемлекеттің ұстанымына сай емес екенін жариялап, ақталғандай болды. Алайда ереуілдердің басылатын түрі жоқ. Ашынған жұрт саясаткерлер қамауға алынып, олар үшін Премьер-министр кешірім сұрасын деп отыр.