Грузияда халық премьер-министрдің отставкасын талап етті

Тбилиси тұрғындары кезекті рет көшеге шығып, билікке қарсы шеру өткізді. Осымен үшінші рет ұйымдастырлған наразылық акциясына мыңдаған адам қатысты.

Маусымның 20-сы және 24-і күндері өткен акциямен салыстырғанда бұл жолы адам қарасы аздау болды. Жалпы жұрттың көшеге шығуының себебі Грузияның Еуроодақ мүшелігіне үміткер мәртебесін ала алмауы. Осыған байланысты тұрғындар премьер-министрдің отставкаға кетуін талап етті. Сондай-ақ Еуроодақ мүшелігіне үміткер мәртебесін алуға қажетті 12 шарттың орындалуымен айналысатын ұлттық келісім үкіметін құруды ұсынды. Өз кезегінде гүржі билігі бұл шеруді елді тұрақсыздандыру әрекеті деп атап, бұған оппозиция өкілдерін кінәлады.

Георгий Кураспетия, шеруші:

- Билікке қойылған талаптарды қолдаймын. Грузияда еркін үкімет болуы керек деп есептеймін. Бір адам бәрін басқармауы керек. Еуроодаққа кіре алмауымыздың басты себебі де осы.  

Айта кетейік, Грузияның Еуроодақ тарапынан қойылған шарттарды орындауға жарты жыл уақыты бар. Үкімет оны жүзеге асыру бойынша өз жоспарын да жария етті. Бірақ бұл мәселеде оппозицияның көзқарасы басқа болып отыр.