Рим маңында орман өртенді

Рим маңында орман өртенді

Италия астанасының солтүстігіндегі саябақтардың бірінде орман өртке оранды, деп хабарлайды «Хабар 24».

40 градустық аптап ыстықтан жалын аймаққа тез тарап жатыр. Тілсіз жаумен күреске ұшақтар мен тікұшақтар жұмылдырылған. Жақын маңдағы тұрғындар қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр. Әзірге зардап шеккендер жоқ. 

ТАУДА ІЗДЕСТІРУ-ҚҰТҚАРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР

Ал мұздық опырылып құлаған Альпы тауының солтүстігінде іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Табиғи апаттан 6 адам опат болып, жарақат алған 8 кісі ауруханаға жеткізілген. Із-түссіз жоғалып кеткен 20-ға жуық адамнан әлі күнге табылған жоқ. Айта кетейік, қайғылы оқиға Мармолада шыңының маңында болды. Таудан бөлініп құлаған мұздық осы маңдағы бірнеше альпинистер тобының жолына барып түскен.

Марио Драги, Италия Премьер-Министрі:

- Бұл орны толмас қасірет. Қаза тапқан жандардың отбасыларына қайғырып көңіл айтамыз. Оқиға ғаламдағы климаттық өзгерістермен байланысты екені айдан анық. Үкімет алдағы уақытта мұндай апат болмас үшін қажетті шараларды қолға алуы тиіс.