Оңтүстік Кореяның Тэгу қаласында Medi-Expo көрмесі өтті

Оңтүстік Кореяның Тэгу қаласында соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтар көрсетілді. Medi-Expo көрмесі пандемия аяқталғаннан кейін алғаш рет өтіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дерттің  алдын-алу және емдеуге арналған құрылғылармен танысуға 30 мыңнан астам адам келді. Көрме аясында ынтымақтастық туралы келіссөздер жүрді. Қазақстан мен Корея дәрігерлері қандай келісімге келді, бұл туралы тілшіміз Владислав Цойдың бейнематериалында.

Тэгу қаласындағы медициналық көрмеде мыңға жуық стендтер қойылған. Тіпті кішкентайларға арналған үлгілер де бар. Бұл мобильді қосымшада балалар жануарды өсіреді. Егер сәби сөздерді дұрыс айтып, диктордың сөздерін қайталаса виртуалды кейіпкер сау болып өседі. Ойын  - сөйлей алмайтын балаларға көмектеседі.

Ли Че Джин, нейрохирург:

- Жасанды интеллект дауыс пен сөйлеуді талдап, дұрыс айтылуын бақылайды. Қолданба корей тілінде, бірақ кез келген тілге ауыстыруға мүмкіндік бар.

Владислав Цой, тілші:

- Бұл радиациялық өлшегіштің ерекшелігі - жылдамдық. Ол оны бір секундтан аз уақыт ішінде анықтай алады. Оны кез келген салада қолдануға болады. Мысалы, дәрігерлер оны киімге бекіте алады және егер операция кезінде жабдықтан сәуле шықса, ол қауіпсіз қашықтыққа жылжи алады.

Басқа құралдармен салыстырғанда мына өлшегіш радиация деңгейін нақты көрсетеді. Адамның қасында қандай радиактивті элементтер бар екенін көруге болады. Толық зарядталған жағдайда өлшегіш 2 тәулік бойы үзіліссіз жұмыс істей алады.    

Со Джун Сок, өндіруші компаниясының президенті:

- Құрылғыны радиация болуы мүмкін аумақта, мысалы, Фукусима атом электр станциясының жанында пайдалануға болады. Адамның соңғы 12 айда қанша радиация алғанын, қай күні және сағатта, қай жерде алғанын бақылауға болады.

Көрмеде корей клиникалары шетелден серіктес іздеді. Бұл аурухана қазақстандық әріптестеріне омыртқаны минималды кесу операцияларындағы тәжірибесін көрсетуге дайын.

Чой Джон Чоль, аурухана менеджері:

- 2016 жылдан бастап біз Қарағанды облысымен меморандум негізінде тәжірибе алмастық. Алайда пандемиядан кейін байланыс үзілді. Мамандарымыз омыртқаны емдеу бойынша тегін мастер-класстар өткізу үшін Қазақстанға баруға дайын.

Тэгу қаласында қазақстандық дәрігерлер жыл сайын тағылымдамадан өтеді. Профессор Руслан Беляев ауыр операциядан кейін корей оңалту тәжірибесін зерттейді. Дәрігердің айтуынша, Қазақстанда инфаркттан зардап шеккендердің арасында 30-40 жастағы пациенттер көп. Кореяда адамдар жиі скринингтен өтеді, сондықтан мұнда негізінен қарт адамдар оңалтуды қажет етеді.

Руслан Беляев, Қарағанды Медицина университетінің қауымдастырылған профессоры:

- Мұнда дәрігер реабилитолог және физиотерапевт болатын орта медициналық персонал мамандығы бар. Қарағанды медицина университетінің өкілі ретінде, мен үшін орта медициналық физиотерапевт қызметін дамыту мәселесі ең маңызды. Министрлікке де, ең жоғары деңгейде де бүл мәселені көтеруге тырысамын.

Чон Тэ Ду, оңалту медицина департаментінің басшысы:

- Қазақстан мен Кореядағы оңалту әдістерінің ең үлкен айырмашылығы – емдеу мерзімі. Корея үкіметі медициналық сақтандыру арқылы ауруға немесе жазатайым оқиғаға қарамастан 2 жыл бойы емделуді өтейді. Ал Қазақстанда оңалтудың ең ұзақ кезеңі бір ай деп естідім, алайда оңалтудан кейінгі кезең маңызды, қысқа мерзімде нәтижені көру мүмкін емес.

Биыл екі елдің реабилитологтары қауымдастыққа бірігуді көздеп отыр. Бұл тәжірибе алмасуды және дәрігерлердің тағылымдамадан өту санын арттырады. Сондай-ақ корей мамандары Асфендияров атындағы медицина университетінде оңалту кафедрасын құру жұмыстарын жалғастырады.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян