Жапонияның экс-премьер-министрі Синдзо Абэге оқ атқан күдікті ұсталды

Жапонияның бұрынғы үкімет басшысы Синдзо Абэ қайтыс болды. Экс-премьер-министр қастандықтан кейін қаза тапты. Бүгін аталған саясаткер халық алдында сөз сөйлеп тұрған кезде қарулы адам арқасынан екі рет оқ атқан еді. Абэ дереу ауруханаға жатқызылды. Ал шабуыл жасаған азамат оқиға орнында қамауға алынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Белгісіз ер адам Абэнің ту сыртынан келіп екі рет оқ атып, кеуде тұсына тиген. Оқиға орнына келген жедел жәрдем оны тікұшақпен алып кетті. Полиция сол маңнан қаскөйді бірден ұстады. Ол 40 жастағы Тэцуя Ямагами есімді азамат болып шықты. Оның мұндай әрекетке неге барғаны әлі белгісіз.

Хирокадзу Мацуно, Жапония министрлер кабинетінің бас хатшысы:

- Күдікті тұтқындалды. Еліміздің бұрынғы премьер-министрі Синдзо Абэнің хал жағдайы әзірге белгісіз. Тергеу жүріп жатыр. Біз мұндай айуандық әрекетті айыптаймыз.

Индонезияда «Үлкен жиырмалық»  кездесуіне қатысып жатқан осы елдің Сыртқы істер министрі Ретно Марсуди мен АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен бұл хабарды ести сала күйінішін білдірді.

Энтони Блинкен, АҚШ Мемлекеттік хатшысы:

- Бұрынғы премьер-министр Синдзо Абэге қастандық жасалғаны туралы хабарды естіп өте алаңдаулымыз. Өте өкінішті оқиға. Біз саясаткердің отбасымен бірге оның амандығы үшін дұға етеміз.

Жапондықтар үшін де жаңалық төбеден жай түскендей әсер еткен. Себебі Жапония әлемде суық қарумен жасалатын қылмыс ең аз тіркелетін елдің бірі саналады.

- Күтпеген жағдай. Мен Жапонияда мұндай қастандық жасалды деп ешқашан ойламаппын. Ол ұстанымы айқын үкімет басшысы болды.

- Мен бұған әлі сенерімді білмеймін. Ол көп жылдар бойы премьер-министр болып, еліне адал қызмет етті.

67 жастағы Синдзо Абэ Жапонияда үкіметті ұзақ басқарған саясаткер. Ол Министрлер кабинетін 2006-2007 және 2012-ден 2020 жылға дейін басқарған. Бірақ 2020 жылы денсаулығына байланысты лауазымын тастап кеткен еді.  

Авторы: Дәурен Ақашұлы