Америка мен Еуропа елдерін знергетикалық дағдарыс жайлады

Америка мен Еуропа елдерін знергетикалық дағдарыс жайлады

Америка мен Еуропа елдерін знергетикалық дағдарыс жайлады. Бәрінен бұрын энергия импорттаушы елдер зардап шегіп отыр.

Электр энергиясы нарығындағы тапшылыққа аптап ыстық пен Украинадағы соғыс себеп болды. Мәселен, АҚШ-тың Техас штатының әкімшілігі тұрғындарды электр қуатын үнемдеуге шақырып отыр. Күннің ысуы мен құрғақшылықтың салдарынан инфрақұрылымға жүктеме артты.

Штат әкімшілігінің хабарлауынша, қазір қорда энергияның небәрі 3,5 мың мегаваты қалған. Бұл үйлердің төрттен үш бөлігіне ғана жетеді. Алты генератор өшкеннен кейін штат әкімшілігі мамыр айында электр қуатының мегаватт сағатына тарифті 4 мың долларға дейін өсірген.

Майкл Веббер, Техас университетінің профессоры:

- Штаттың басым бөлігі өзге аймақтардың энергия жүйелеріне тәуелді. Мәселен, Оклахома немесе Луизианада электр қуаты жетіспесе, оны көршілес штаттардан импорттай салады. Ал артығымен өндірілсе, онда энегияны басқаларға экспорттайды. Ал біздің штатта энергия жүйесі оқшау болғандықтан, энергияны өзгелерден импорттау біз үшін қиынға түседі.     

Шри-Ланкада амалсыз ағаш отын жағып отыр  

Шри-Ланкада отын тапшы болғандықтан мейрамханалар ас-су әзірлеу үшін ағаш жағуға мәжбүр. Елде жанар-жағармай жетіспей жатыр. Оған қол жеткізу үшін тұрғындар ұзынсонар кезекке тұрады. Тамақ әзірлеу қиындағандықтан дәмхана мен мейрамханалар ас мәзірінің тізімін қысқартты. Үкіметі ауысып жатқан тұста Шри-Ланкадағы қаржы дағдарысы одан сайын ушықты. Инфляция деңгейі 50 процентке жеткен. Автобустар мен жедел жәрдем көліктері тіптен жанар майсыз қалды. Полиция мен әскер жанар-жағармай бекеттерін күзетуге кіріскен.

Панамада отын бағасы арзандайды   

Панама үкіметі отын және негізгі азық-түлік бағасын арзандатуға көшті. Бір аптаға созылған шеруден кейін ел билігі осындай шешім қабылдаған. Панама президенті Лаурентино Кортисо жанармайдың бағасы 3,5 литріне 4 долларға дейін төмендейтінін хабарлады. Арзан бағадағы отынға халық 15 шілдеден бастап қол жеткізе алады.