Әлемде мұнайға сұраныс өскен

Әлемде мұнайға сұраныс өскен

Мұнайға сұраныс көбеймесе, азаятын емес. Енді дағдарыстан шығудың амалы қайсы? Алпауыттар байығанмен қарапайым ел қайтпек? Кеше ғана ОПЕК+ мүшелері қыркүйектен бастап мұнай өндірісін күніне 100 мың баррельге көтеру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл мұнайға деген жаһандық сұраныстың 0,1 процентін ғана қанағаттандырмақ. АҚШ Президентінің таяудағы Сауд Арабиясына сапары кезінде мұнай өндірісін арттыру жөніндегі өтінішіне ОПЕК+ берген жауабы осы. Осыған қарамастан, Байден әкімшілігі нарықтағы бағаны бақылаудың өз жоспары бар екенін аңғартты. 

Карин Жан-Пьер, Ақ үйдің баспасөз хатшысы:

– Қазір бағаны төмен ұстап тұруға басымдық беріп отырмыз. Джо Байден Таяу Шығысқа сапарға шықпас бұрын мұнай өндірісіндегі өсімді көргіміз келген. Оны көрдік те. Өйткені Опек+ шілде және тамыздағы өндіріс көлемін 50 процентке артыратынын маусымның бірінші аптасында-ақ жариялаған. Бірақ біз үшін ең маңыздысы нарықтағы мұнай бағасын арзандату. Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз.

Мұнай мен газ өндірісіне қатысты мәселе шешілгенше, әлем елдері, әсіресе дамушы мемлекеттер мұнай мен газға тәуелділікті мейлінше азайтуға тиіс. БҰҰ Бас хатшысының үндеуі осыған саяды. Жаһан елдеріне арналған баяндамасында жалпақ жұртқа мәлім қарапайым әдістерге көшуге шақырады. Әзірге қоғамдық көлікті пайдаланып, баламалы қуат көзін қолдану арқылы отынды барынша үнемдеу ұсынылып отыр.