Германия газ тапшылығынан құтылудың жолын іздеп жатыр

Германия газ тапшылығынан құтылудың жолын іздеп жатыр

Бұл ел тұтынатын газдың басым бөлігін Солтүстік ағын-1 құбырымен жеткізетін. Алайда соңғы кезде көгілдір отынды жеткізуде іркіліс жиілеген. Шілде айында  жөндеу жұмыстарын өткізгеннен кейін Газпром құбыр арқылы жеткізетін газ көлемін 20 процентке дейін азайтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірқатар сарапшылар Германия бұл тәуелділіктен құтыла алады деген пікірде. Алайда бұл үшін газ тұтынуды 25 процентке азайтуы керек. Германияда үй шаруашылықтарының жартысы газбен жылытылады. Сондықтан ел тұрғындары қалай қыстап шығатынын уайымдап жүр. Тіпті былтыр ковидты жұқтырған адамдар санын бақылап жүрсек, енді бас назарымыз газ қоймаларына ауысты деп әзілдейді. Бүгінде олар 72 жарым процентке толған. 1 қыркүйекке дейін 75 процентке, ал қараша айына дейін 95%-ке толтыру көзделген.  Алайда ресейлік газды жеткізудегі іркіліс бұған кедергі келтіріп тұр. Қазір Газпром көгілдір отын тасымалын 5 есе азайтты. Саясаттанушылардың көбісі мұны бопсалау деп атап, баламалы энергетиканы дамытуға шақырып отыр. 

Олаф Шольц, Германия канцлері:

Неміс экономикасы энергия өндіру мен оны пайдалану тәсілін өзгертеді. Электр қуатын өндіру үшін жаңғыртылатын энергия көздерін көптеп қолдану қажет, сондай-ақ сутегін де пайдаланамыз. Бұл энергия көздерінің импортынан, әсіресе Ресейден қаншалықты тәуелді екеніміз көрініп тұрған кезде аса маңызды болып тұр.

Химия, металл құю, фармацевтика секілді өнеркәсіп салалары толығымен газға тәуелді. Компаниялардың көбісі көгілдір отынды үнемдейтінін жариялап, өндірісті тоқтатпайтынына сендірді.

Герд Рёдерс, металл құю цехының директоры:

– Металл құю цехін қосу және пешті қыздыру –  өте көп энергияны қажет ететін іс. Сондықтан күнде пешті жағып, сөндіріп отыру қымбатқа түспек. Қазір біз не үш ауысыммен жұмыс істейміз немесе өндірісті толық тоқтатамыз. Бағаны да көтеруге мәжбүр болдық. Биыл бір пешімізді сутекке ауыстырғымыз келеді. Газды сутекпен араластырып көреміз. Алайда бәрін бір ретке келтіру үшін жылдар қажет.

Қазір Германия газды Нидерландтағы және Норвегиядағы кеніштерден және Бельгиядағы сұйытылған газ терминалдарынан жеткізеді. Ал ресейлік газдан тәуелділігінен құтылу үшін Германия сұйытылған газ қабылдайтын 5 терминал салуды көздеп отыр. Оның үшеуі биыл іске қосылады.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский, Германия