Францияда орман өртеніп, жұрт тұншығып жатыр

10 мыңдай адам үйлерін тастап, көшіп кеткен. Соңғы екі күнде ЖирОнда аймағында 7 мыңдай гектар орман алқабы жанып кетті. Әзірше өрт сөндірушілер өртті сөндіре алған жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

От жағалай тарап, ырыққа көнбей кеткен. Ағаштар тамырына дейін жанған. Жиронда кейінгі бір айда  бір тамшы жауын жаумай, түгел құрғап кетті. Франция премьер-министрінің айтуынша, өрт қасақана қойылған болуы мүмкін, өйткені бір мезгілде 7-8 жерден от шыққан.

Мартан Гесперо, Жиронда өңірінің префекті:

- Өрт әлі өршіп тұр. Тілсіз жау күтпеген бағыттармен қозғалып келеді. Солтүстікке қарай маңызды екі бағытта тарап барады.

Жирондадан бөлек ел аумағындағы тағы  7 өрт ошағы тіркелген. Тілсіз жаумен күреске өрт сөндіру бөлімдері жұмылдырылған. Сондай-ақ, құтқару отрядтарында волонтёрлер болып жазылған адамдарды негізгі жұмысынан босату ұсынылып отыр. Ресми мәлімет бойынша, жаз басталғалы 40 мың гектар орман алқабы жанып кеткен. Ал еуропалық спутниктердің дерегі 50 мың гектар дейді.