Үндістан алапат тасқын зардабын тартып жатыр

Үндістан алапат тасқын зардабын тартып жатыр

«Жұт жеті ағайынды». Әлемде табиғат апаты көбейді. Үндістан, Пәкістан, Ауғанстан мен Суданды су басты. Грузияда атақты Боржоми қорығы өртеніп жатыр. Британия мен Қытайды қуаңшылық қыспаққа алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алапат тасқын Үндістанның Кангра қаласындағы теміржол көпірін қақ бөлді. Табиғат апатынан соңғы 3 күнде құрбан болғандар саны 50-ден асады. Тағы бірнеше адам із-түзсіз жоғалып кеткен. Кей аудандарда электр қуаты жоқ. Мыңдаған тұрғын қауіпсіз жаққа әлі көшіріліп жатыр. Синоптиктер жауын-шашын апта соңына дейін басылмайды дейді.

Тасқын көршілес Пәкістанды да қыспаққа алды. Тұрғындар кеудеден су кешіп жүр. Соңғы 2 айда елде 728 кісі көз жұмған. 263-і бала. Қираған ғимаратта есеп жоқ. Баспанасыз қалғандар жаңбыр астында лашықта тұруға мәжбүр.  

Тасқын салдарынан мен үйімнен айырылдым. Бізге тамақ пен су жетпей жатыр. Еріктілер көмектесіп жүр. Бүкіл Фазалпурды су басты, енді не істейтінімізді білмеймін.

Су тасқыны Суданға да жетті. Табиғи апат салдарынан 77 адам жан тапсырды. Тұтас елді мекендерді су шайып, 12 мыңнан астам үй жермен-жексен болған.

– Экологиялық тепе-теңдік бұзылды. Әсіресе оңтүстік өңірдегі тұрғындар қатты зардап шекті. Үй түгілі, жай шатырдың өзіне мұқтаж болып қалдық7

Авторы: Ернат Мелсұлы