АҚШ-та мұғалімдер бас көтерді    

АҚШ-та мұғалімдер бас көтерді    

Білім беру мәселесі дамыған елдерде де бар. АҚШ-тың Огайо штатында 3 күннен бері мұғалімдер ереуілдетіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар оқу орнының қауіпсіз, жылы және іштегі ауаның таза болғанын талап етуде. Сондай-ақ бағдарламада өнер, музыка сияқты пәндер болса дейді. Наразылық шарасына ата-аналар да қосылды.

Еми Портис, ата-ана:

– Мұғалімдер – еңбегі адал, нағыз жанкешті адамдар. Оларды оқушыларының ата-аналары да қолдайтынын білуге тиіс. Сондықтан біз де шеруге қатысып жатырмыз. Алайда құзырлы мекемелер мектептердегі қауіпсіздікті тиісті деңгейде қамтамасыз етуі керек.

БІЛІМ НЕСИЕСІ КЕШІРІЛЕДІ

Бұл жанайқай билікке әлі жете қойған жоқ. Бірақ президент Джо Байден ақылы оқитын студенттердің несиесін 10 мың долларға қысқарту жоспарын жариялады. Басты талап – студент шыққан отбасының жылдық табысы 125 мың доллардан кем болуға тиіс.

Джо Байден, АҚШ президенті:

Инфляция жағдайында біз нақты қадамдарға барып отырмыз. Қарджылық көмекті аты-жөні мен барлық мәліметі белгілі отбасыларға көрсетеміз. Алайда бұл ақшаны шығындау емес, керісінше экономиканы көтеру амалы. Түбінде бұл шара жылдық бюджетке 50 миллиард доллар құюға мүмкіндік бермек.

САУАТСЫЗДАР КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ

Әлемді жайлаған індет пен түрлі қақтығыстар балалардың білім алуына үлкен кедергі келтіріп отыр. ЮНИСЕФ мәліметі бойынша, дүние жүзінде әріп тану мен математикадан сауатсыз болып қалған жеткіншектер саны 3 есе артып, жалпы үлесі 70 пайызға жеткен. 2020 жылы ғана бұл көрсеткіш 57 пайыздан артық емес еді. Әсіресе Африка, Латын Америкасы мен Оңтүстік Азия елдеріне қиын.