Ауғанстанда білім үшін күрес жүріп жатыр

Әлемде қақтығыс құрсауындағы елдерде 78 миллионнан астам бала мектепке бармайды. Ал 190 миллион жеткіншек білім алып жатса да, қара танымайды, жазу мен санауға да сауатсыз. Бұл халықаралық ұйымдардың ресми дерегі, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Талибан» (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) билік басына келгелі Ауғанстанның қыз-келіншектері білімнен қағылды. Бірақ нәзік жандар амалын тауып, жасырын үйлердегі мектепке барып жүр. Мұны «Еуроньюс» арнасы анықтады. Арулар әкесі мен ағаларынан оқулықтары тығып әлек. Ауған қоғамы батыл әйелге кенде емес. Сондай-ақ адам құқығы үшін күресіп жүрген бір топ белсенді Кабулда қыз-келіншектерге арнап кітапхана ашты. Руханият ордасында қазірдің өзінде мыңнан астам кітап жиналған. Олар балалар әлемін қамтып, саясат, экономика мен ғылымға арналған.

Ләйлә Басим, азаматтық белсенді:

Біз бұл кітапханнаны ашу арқылы елімізде әйелдердің қоғамдық өмірге араласуына қарсылық танытып келе жатқан топтарға наразылығымызды білдірігіміз келеді. Олар мектептерді жауып, қыз-келіншектердің жүріс тұрысын шектегенмен ауған әйелдері сауатты, көкірегі ояу екенін білу керек.

Закира Расули, азаматтық белсенді:

– Тәліптерге әйелдердің мемлекеттің маңызды бөлігі екенін ұқтыру үшін біз батыл қадамдарға баруға тиіспіз. Өйткені көзі ашық қыз-келіншектер болғанда ғана дамыған және бейбіт қоғам қалыптасады. Кітапхананы сол үшін аштық.