Ұлыбританияда 10 күн аза тұту күні деп жарияланды

Кеше Патшайым Елизавета II 96 жасында Шотландияның Балморал қамалында қайтыс болды. Бұған дейін дәрігерлер оның денсаулығына байланысты алаңдаушылық білдірген еді. Букингем сарайында мемлекеттік ту түсіріліп, елде алдағы он күн аза тұту деп жарияланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал оның ұлы 73 жастағы ханзада Чарльз автоматты түрде патша болып, өзін Карл III деп атады. Карл III 10 қыркүйекте ресми түрде британдық монарх атанып, таққа отыратын болады. Ол үшін дәстүр бойынша бірнеше рәсім өтуі керек. Тәртіп бойынша сенбі күні Сент-Джеймс сарайында арнайы мұрагерлік кеңес жиналып, оның 700-ге жуық мүшесінің орнына осы жолы 200 мүшесі ғана қатысатын болады.