Ұлыбританияда ІІ Елизавета патшайымның қазасына орай түрлі шаралар кейінге шегерілді

Екінші Елизавета патшайымның қайтыс болуына байланысты Біріккен Корольдікте көпшілік іс-шаралар тоқтатылып, көлік саласы қызметкерлерінің ереуілдері кейінге қалдырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұлттық аза тұту жерлеу рәсімінен кейін тағы 7 күн жалғасады. Монархпен қоштасу алдын ала дайындалған жоспарға сәйкес ұйымдастырылады.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

– Қазір мен Букингем сарайы алдында тұрмын. Ұлыбритания Патшайымы ІІ Елизаветаның бақилық болуына байланысты әлем жұртшылығы қайғырып, көңіл айтып жатыр. Марқұмның денесі Шотландиядағы резиденциясынан Лондонға бүгін жеткізілуі керек. Суыт хабар жария етілгелі бері Букингем сарайы алдына жиналған халық көп. Британдықтар кешегі түннен бері сарай қақпасының алдына гүл шоқтарын қойып, көңіл қосын білдіріп жатыр.

Біз аты аңызға айналған адамды жоғалттық. Ол менің екінші анам сияқты еді. Мен 76 жастамын. Патшайым елдің дамуына зор үлес қосты.

Иә, менің көңілім босап тұр. Ханзада Чарльз оның орнын басып, патша болатынын білемін. Бірақ патшайымның жоқтығы бәрібір білініп тұратын сияқты.

Екінші Елизавета ұзақ әрі ғибратты ғұмыр кешті. Ол тақта отырған жылдары екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Тұманды Альбион қайта түледі. Ұлыбритания империя болуын тоқтатты. Ұлттар достастығы ұйымына мүше болды. Еуропалық одақ құрамына кірді. Брекситтен кейін қайта шықты. Патшайым билік еткен жылдары 15 премьер-министр ауысты.

Лиз Трасс, Ұлыбритания Премьер-министрі:

– Біз үшін бұл орны толмас үлкен қайғы, бірақ Елизавета ІІ өзінен кейін өшпес мұра қалдырды. Британия бүгінде Патшайымның арқасында ұлы ел болып тұр.

Жерлеу рәсімі Вестминстер сарайында 10 күннен кейін өтеді. Ол дата демалыс күні болып жариялануы мүмкін. Бүгінге жоспарланған Англия және Солтүстік Ирландия футбол лигасының футбол матчтары, сондай-ақ басқа да спорттық жарыстар болмайды. Концерттік шаралар да кейінге қалдырылып отыр. Теміржолшылар, теңізшілер және көлік одағы, сонымен қатар пошташылар патшайымға деген құрмет ретінде ереуілдерін бір күнге тоқтатты.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы