Грузияда Нан фестивалі ұйымдастырылды

Грузияның ұлттық тағамдарының атауы бір болғанымен, әр аймаққа тән өзіндік дайындау тәсілдері бар. Бұл құпия емес. Жыл сайын аспазшылар ас-ауқат пісірудің қыр-сырын меңгеру үшін Тбилисиде бас қосуды әдетке айналдырған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жолы да ел астанасында Нан фестивалі ұйымдастырылды. Бидайдың жаһанға белгілі 20 түрі болса, соның 14-і Грузияда өседі. Фестивальге келген қауым жергілікті ұннан жасалған сан алуан тағамның дәмін татып, дән риза болысты. Шотис- пури, дедас-пури, хачапури. Бұл – грузиннің дәстүрлі тағамдарының атаулары. Бір қызығы елдің әр өңірінде ас-ауқат дайындаудың тәсілі әр түрлі. Сондықтан да аспазшылар мен бидай өндірушілер ұлттық дәм мен оның алуантүрлілігін толық танып-білу үшін фестивальге арнайы келді.

Софо Метревели, Тбилисидегі Грузияның ұлттық ботаникалық бағының қызметкері:

– Бұл фестиваль Ботаника бағында осымен үшінші рет өткізіліп отыр. Биыл қатысушылар көп, басты ерекшелік осы. Мұнда түрлі әдіспен пісірілген нанды көруге болады. Фотоға түсіретін арнайы бұрыш та қарастырылған. Сонымен қатар бұл жерде өнерпаздар ән айтады.

Гүржі бидайы елдің мәдени мұрасына жатады. Бұл бекер емес. Дәнді дақылды Грузияда осыдан 6-4 мың жыл бұрын пайдаланылған. Бүгінде әлемге белгілі бидай түрінің бесеуі дәл осы елден тараған.

Лали Меши, Грузин астық бірлестігінің өкілі:

– Біз бидайдың ежелгі сорттарын зерттеп, таратумен айналысамыз. Мұнда көпшілік назарына 8 учаске ұсынылған. Әрқайсысында әр түрлі бидай өсіріледі. Қазір әлемде бар бидайдың 20 түрінің 14-і Грузияда өсіріледі. Оның 5-і біздің елде пайда болған.

Бұл жай ғана нан емес, нағыз өнер туындысы. Грузин наубайшылары фестивальге келген қонақтарды осылай қарсы алады. Расымен де кез келген адам мұнда өз талғамына сай тәтті нанды таба алады.

Мария, нан фестивалінің қонағы:

– Баладан бастап егде жастағы азаматтардың бәрі өзіне керегін кезіктіреді. Фестивальдің маған ерекше ұнаған тұсы осы. Нан туралы фотосуреттер мен плакаттар да қойылған. Нағыз мәдени шара дер едім.

Светлана, нан фестивалінің қонағы:

Керемет әсер алдым. Отбасымен уақыт өткізудің тамаша мүмкіндігі болды. Азаматтарға қолдау білдіріп, гастрономиялық ләззат алып қайттық.

Соңғы онжылдықта Грузияда бидай өсіру дәстүрі ұмыт бола бастады. Сондықтан гүржі халқы енді ұмытылып кеткен немесе жойылып бара жатқан бидай түрлерін өсіруді ерекше назарға алған. Ал мұндай бастамаға қарапайым тұтынушылар дән риза.

Авторлары: Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили