ЭЫДҰ: 5 млн украиналық пана сұраған

Коронавирус өршіп тұрған кезде әрі-бері қатынаған мигранттар саны айтарлықтай азайған. Өйткені шекара жабылып, жүріс-тұрысы шектелген. Алайда соңғы деректер бойынша көші-қон көрсеткіштері пандемияға дейінгі деңгейге қайта жеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыған байланысты мәселен, Нью-Йоркте төтенше жағдай жарияланды. Өйткені босқындардың көп болғаны соншалық, олардың барлығын жайғастыратын орын табылмай жатыр. Нью-Йоркте 9 миллионға жуық тұрғын бар. Ал мигранттар орталығындағы босқындар саны 60 мыңнан асады. Бұл – ресми статистика. Шындығында сандар одан да көп болуы мүмкін.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының деректеріне сүйенсек, кейбір елдерде көші-қон пандемияға дейінгі деңгейге жетпек түгілі, ол көрсеткіштерден асып кеткен. Оған дамыған мемлекеттерде жұмыс күшінің тапшылығы себеп. Сонымен қоса, Украинадағы шиеленіс те әсер ептей қоймады.

Қарулы қақтығыстан қашқан жұрт негізінен көрші елдерді паналаған. Алайда басқа мемлекеттерге де айтарлықтай салмақ түсті. Мәселен, Германияның өзі ақпаннан бастап тамызға дейінгі аралықта бір миллион украиналық босқынды қабылдапты. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше мемлекеттерден 5 миллиондай Украина азаматы баспана сұраған. Олардың дені – әйелдер мен балалар. Таяуда Ресейде жартылай мобилизация жарияланғаны белгілі. Бұл да елден тұрғындардың кетуіне әсер етті. Дегенмен билік нақты сандарды келтіріп отырған жоқ.

Айта кетерлгігі, Еуроодақтың бірде-бір елі мобилизациядан қашқан ресейлікке босқын мәртебесін берген жоқ.  

Стефано Скарпетта. ЭЫДҰ еңбек және әлеуметтік мәселелер бойынша директоры:

Бұл дағдарыс Украина мен Ресейге қатты әсер етті. Өйткені біраз украиналық Ресейге келді. Ал ондағы жергілікті тұрғындар болса, көрші мемлекеттерге кетіп жатыр.