G7 шұғыл отырыс өткізді – Украинадағы ахуал

Ресейге қарсы санкциялық қысым жалғасын табуы керек. Кезектен тыс өткен кеңес барысында G7 елдерінің басшылары осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үлкен жетілік мемлекеттің аумақтық тұтастығының сақталуын нық қолдайды. Сондықтан аса маңызды инфрақұрылымдардың қасақана жойылуын қатаң айыптайды. Осы ретте бірлестік қаржылық, гуманитарлық және әскери қолдау көрсетуді әрі қарай да жалғастыра бермек. Үлкен жетіліктің жиынына Украина президенті Владимир Зеленский де қатысты. Кездесу барысында ол «Джи7» елдерінен Украинаны әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерімен қамтамасыз етуді сұрады. Сонымен қатар Беларусьпен арадағы шекараға бақылаушыларды орналастыруды ұсынды. Себебі Киев Минскіге шабуыл жасады деген желеумен Александр Лукашенко қақтығысқа араласуы мүмкін екенін айтты Зеленский. 

Владимир Зеленский, Украина президенті:

Қақтығыс үдеген сайын санкцияларды да күшейту керек. Осындай шешім қабылдауларыңызды сұраймын. Украинаның энергетикалық секторына шабуыл жасағаны үшін Ресей Федерациясының энергетикалық саласын бұғаттау қажет. Газ бен мұнайдан табыс таба алмайтындай етіп, экспортқа шекті баға қою керек.

НАТО: АЛЬЯНС КЕЗ КЕЛГЕН ҚАУІП-ҚАТЕРГЕ ДАЙЫН

Өз кезегінде НАТО-ның Бас хатшысы Йенс Столтенберг әскери альянстың кез келген қатерге, соның ішінде ядролық қауіпке дайын екенін мәлімдеді. Ал кәрі құрлық елдерінің басшылары Ресейден Украинаның азаматтық нысандарын атқылауды дереу тоқтатуды талап етті. «Бухарест тоғызы» жуырдағы шабуылды қатаң сынға алып, айыптады.