БҰҰ-ның Ресейді айыптау резолюциясының заңды күші жоқ

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы Ресейдің Украинаның 4 аймағын өз құрамына қосуын айыптайтын қарар қабылдады. 193 мемлекеттің басым көпшілігі, атап айтқанда 143-і құжатты қолдап дауыс берді. 5 ел қарсы болды. Бұл бестіктің ішінде Ресейдің өзі де бар. Ал 35 мемлекет дауыс беруден бас тартты. Оның ішінде Қазақстан да бар.

Енді мұның соңы не болады? Оның қандай күші бар?

Ресейді айыптайтын қарар қабылданды

Қыркүйектің аяғында Украинаның 4 аймағында референдум өтетіні жария етілді. Сөйтіп 23-інде басталған шара 27 қыркүйекте аяқталды. Жергілікті биліктің мәліметіне сенсек, дауыс бергендердің дені Ресей құрамына кіруді қолдаған. Сөйтіп, өткен аптада Конституциялық сот, Мемлекеттік дума мен Федерация кеңесі келісімдерді құптады. Алайда әлем елдері бірінен соң бірі референдумды мойындамайтындарын айтып, Мәскеудің шешімін сынға алатын мәлімдемелер жасады. Бұған дейін АҚШ пен Албания БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінде бастаманы айыптайтын қарар жобасын ұсынған. Алайда органның бес  тұрақты мүшесінің кемі біреуі құжатқа қарсы болса, ол қабылданбайды. Бұл 5 мемлекет -  Ресей, Франция, АҚШ, Қытай мен Ұлыбритания. Ол кезде Ресей вето құқығын пайдаланды. Енді кеше қарар БҰҰ Бас Ассамблеясының қарауына шығарылды. Сөйтіп Ресейдің Украинаның 4 аймағын өз құрамына қосуын айыптайтын құжат қабылданды. Оны көбі, яғни 143 мемлекет қолдады. Бұл тізімде Еуропаның барлық елі дерлік, Латын Америкасы мемлекеттерінің көбі, Африка мен Азия елдері бар.

Линда Томас-Гринфилд, АҚШ-тың БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі:

- БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесінің бірі Ресей күшпен көрші елдің аумағын басып алмақ болды. Біз мұны ешқашан мойындамаймыз. Бұл халықаралық құқық қиғадаттарын бұзады. БҰҰ-ға мүше мемлекеттің шекарасы халықаралық құқықпен қорғалады. Оны басқа біреулер күшпен қайта сызып шыға алмайды. 

Сергий Кислица, Украинаның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі:

- Біз қазір ғана Бас Ассамблеяда маңызды тіпті 21 ғасырдағы тарихи сәттің куәсі болдық. 143 ел қолдап дауыс берді. Бұл керемет. Ресей жағында 4 мемлекет қана. Елдер БҰҰ Жарғысын қолдай отырып, дұрыс шешім қабылдады деп сенемін. 

Отырыста 5 мемлекет қарарға қарсы дауыс берді. Бұл елдің бірі Ресей. Қалған төртеуі Беларусь, Сирия, Никарагуа мен Солтүстік Корея. Айтпақшы, соңғысы референдумды мойындаған жалғыз ел. Қарсы дауыс бергендердің өз уәжі бар.

Қарарға 5 ел қарсы дауыс берді

Ким Сон, Солтүстік Кореяның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі:

- Әр мемлекеттің халқы өз тағдырын өзі шеше алады. Осылайша Донецк және Луганск халық республикалары мен Херсон және Зпаорожье облыстарының тұрғындары өз құқығын пайдаланды. Сондықтан біз референдум өткенде, БҰҰ-ның жарғысы мен халықаралық құқық қиғадаттары сақталды деп санаймыз. 

Қарарға қарсы дауыс берген Ресей өкілдері былай дейді. 

Василий Небензя,  Ресейдің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі:

- 28 қыркүйекте референдумның соңғы әрі нақты нәтижелері жария етілді. Соған сәйкес, Донецк халық республикасындағы дауыс бергендердің 99 пайызы, Луганск халық республикасында - 98, Запорожье облысында 93, Херсон облысында 87 пайызы Ресей құрамына өтуді қолдады. Шара нәтижелері көрсетіп отырғандай, аталған аймақ халқы Украина құрамында болғысы келмейді. Олар біздің елді таңдады. Референдумдар халықаралық заң қиғадаттарына сәйкес өтті. Бүгін Бас Ассамблеяның талқылауына саяси астары бар ашық арандатушылықты көздейтін құжат ұсынылды. Онда дәлел-дәйектер бұрмаланып, Украинадағы дағдарысты дипломатиялық жолмен шешуге кедергі келтіретін қарама-қайшылықтар бар.

Тағы 35 мемлекет қарарға қатысты дауыс беруден бас тартты. Олардың қатарында Қытай, Үндістан, Өзбекстан, Армения секілді елдер, сондай-ақ біздің ел де бар. Бұған дейін еліміздің сыртқы істер министрлігі 4 аймақтағы референдумға қатысты ұстанымымызды мәлімдеген еді. Ведомствоның ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, "Қазақстан мемлекеттердің аумақтық тұтастығы, олардың егемендік теңдігі және бейбіт қатар өмір сүру принциптерін негізге алады. Президентіміз бірнеше рет, оның ішінде БҰҰ мінберінен жақында ғана сөйлеген сөзінде осы дүниежүзілік әмбебап ұйымның Жарғысына негізделген халықаралық құқық қағидатын бұлжытпай сақтаудың маңыздылығы туралы мәлімдеді. "Қазақстан тұрақтылықты өңірлік әрі жаһандық деңгейде сақтауды аса маңызды міндет санайды".

БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған құжатта "Референдум өткізгені үшін Мәскеудің әрекеті айыпталады. Қарар барлық елдерді, халықаралық ұйымдар мен БҰҰ-ның арнайы құрылымдарын "Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье өңірлерінің" мәртебесінің өзгеруін мойындамауға, ал Ресейді бұл аймақтарға қатысты өз көзқарасын қайта қарауға шақырады" делінген. Бір айта кетерлігі, кеше қабылданған қарардың заңды күші жоқ. Ол тек декларативтік құжат саналады. Осылайша сарапшылар "БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімі әлемдік қауымдастықтың көңіл-күйін білдіреді. Бірақ ешқандай құқықтық салдары жоқ" деп отыр.