АҚШ-та «Гүлдер» би тобы қазақ халқының мәдениетін насихаттап жүр

Ұлттық дәстүрді, салтты танытатын өнердің төресі – би. Осындай ұстанымы бар «Гүлдер» би тобы мұхиттың ар жағында қазақ халқының мәдениетін насихаттап жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Вирджиния штатында белсенді қыздардың ұйытқы болуымен құрылған ұжым түрлі салтанатты шараларда сахананың сәнін келтіреді.

Бүгін Гүлдер тобында фотосессия. Вашингтонда өткен түркі халықтарының фестивалінен соң уақыт жоғалтпай, жеке парақшаға әдемі суреттер түсіріп алу керек. Оның үстіне топ мүшелері Вирджиния штатындағы әр қалада тұрады. Осындай салтанатты шарадан кейін әдемі киініп тұрған сәтті пайдаланып қалу ләзім.

Гүлияр Хасанова, «Гүлдер» тобының мүшесі:

- Мен Солтүстік Коралинода тұрамын. Осы жаққа келуге бес сағат уақыт кетеді. Мен кішкентай кезімде Тараз қаласындағы Айша бибі тобында билегенмін. Өзіме өте ұнайды, сондықтан шаршамаймын.

«Гүлдер» тобы 2017 жылы құрылды. Вашингтонда өткен халықаралық шарада қазақтың мәдениетін таныстыру үшін жиналған қыздар сол кезде көрермендер тарапынан үлкен қолдау тапқан. Ақылдаса келе топ құрады.

Айнұр Нуркина, «Гүлдер» тобының мүшесі:

- Біз Вашингтонда ұйымдастырылатын халықаралық фестивалдерде қазақтың мәдениетін таныстыруды жалғастыруымыз керек деп шештік.

Америкадағы мәдени шаралар, наурыз мерекесі қазір «Гүлдер» тобысыз өтпейді. Олар да өнерінің арқасында бірнеше штатты аралап шыққан. Қазір топтың репертуарында Азия халықтарының көптеген биі бар.

Айгүл Кубашева, «Гүлдер» тобының мүшесі:

- Алыста жүрсек те бір сағынышымызды басып, осы қыздармен бірге би билеп, әр түрлі фестиваль, шараларға қатыса отырып, Қазақстанға деген сағынышымызды басамыз.

Елге деген сағыныш пен махаббат шығар «Гүлдер» тобы саханада өнер көрсеткендері үшін гонорар сұрамайды. Әр шығармаға сай киім тігу сияқты шығындарды да өздері көтереді. Себебі би арқылы ұлттық өнерді насихаттау – жүректен шыққан қалау.   

Авторы: Нұрбек Бекен