Луганск және Донецк республикалары мен Запорожье, Херсон облыстары әскери жағдайға көшті

Бүгіннен бастап өзін-өзі жариялаған Луганск және Донецк Халық Республикалары, сондай-ақ Запорожье мен Херсон облыстары әскери жағдайға көшті.

Бұл жерлерде аумақтық қорғаныс штабтары құрылады деген жоспар бар. «Бұған дейін қауіпсіздік күшейтілген болатын, енді әскери жағдай режимін заң аясында рәсімдеу керек», – деді В. Путин. Ресей билігі таяуда референдум өткізіп, бұл аймақтарды Ресей жері деп жариялаған еді. Бірақ әлем елдері референдум қорытындысын мойындамады. 

Владимир Путин, Ресей президенті:

- Украинаның арнайы қызметтері Қырым көпірінде жарылыс ұйымдастырды. Біз Ресейдің басқа аймақтарында, соның ішінде адамдар көп жиналатын жерлерде, көлік, энергетика объектілеріне қатысты террористік актілердің жолын кестік, атап өткім келеді, оның ішінде атом стансалары да бар.

Украинада энергетика нысандарының 40% зардап шекті

Украина болса, энергетикалық инфрақұрылым нысандарының 40% зақымданғаны туралы мәлімдеді. Қазір электр энергиясы толыққанды берілмей жатыр. Ел бойынша оны үнемдеу мақсатында 4 сағатқа дейін жарық сөндіріледі және көше жарығын пайдалану шектеулі болады.

 

Владимир Зеленский, Укриана президенті:

- Бізде маңызды инфрақұрылым нысандарына зақым келді. Бір тәулікте Ресей үш энергетикалық нысанға соққы берді. Әрине, біз электр қуатымен қамтамсыз етуді қалыпқа келтіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Бірақ бұл уақытты қажет етеді. Біз қыс мезгіліне, жылыту маусымына барынша дайын болуымыз қажет.