Британияның жаңа премьері Сунакты оппозиция не үшін айыптап отыр?

Ұлыбританияның жаңадан тағайындалған үкімет басшысы Риши Сунак ел экономикасын ілгерілетуге білек сыбана кіріспек.

Ол сондай-ақ билік партиясының мүшелерін ортақ идея үшін біріктіруді жоспарлап отыр. 

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Жазда өткен сайлауда Риши Сунак Ұлыбритания экономикасын дағдарыстан шығарып, оның қарқынды дамуына үлес қосамын деп уәде берген болатын. Бірақ жеңіліске ұшырап, салықты қысқарту туралы ұсыныс тастаған қарсыласы Лиз Трасс билікке келді. Нәзікжанды саясаткер оған ақшаны қайдан алатынын айтпады.

Нәтижесінде нарықта дүрбелең басталып, бір айдан соң Трасс жоспарынан айныды. Ақырында оның жаңа Маргарет Тэтчер болу талпынысы сәтсіздікке ұшырап, қызметінен кетті. Енді міне Трасстың орнына Риши Сунак келіп отыр.

Риши Сунак, Ұлыбритания премьер-министрі:

- Біріккен Корольдік ұлы мемлекет, бірақ күрделі экономикалық проблемаларды бастан кешіп жатырмыз. Қазір бізге тұрақтылық пен бірлік керек. Сондықтан мен партиямыз бен елімізді біріктіру бағытында жұмыс істемекпін. Сонда ғана біз түйінді мәселелердің шешімін тауып, болашағымызды жарқын ете аламыз.

Риши Сунак бұрын-соңды жергілікті саясат сахнасында болмаған бірнеше жаңалық жасады. Біріншіден, парламент депутаттығынан премьер-министрлікке бар болғаны 7 жылдың ішінде жетті. Екіншіден, Сунак соңғы 200 жылдан бері ел басқарған ең жас саясаткер, жасы 42-де. Тағы бір ерекшелігі - ұлтында. Ол үнділер отбасынан шыққан Ұлыбританияның алғашқы үкімет басшысы. Және бір дерек Сунак Үндістан миллиардерінің күйеу баласы. Үкімет басшысының байлығы 730 млрд фунтты құрайды. Оппозиция өкілдері Сунактың жанұясы кезінде салықтан жалтарды деп айыптап, сынның астына алды. 

Анжела Рейнер, Лейборшылар партиясы көшбасшысының орынбасары:

- Дәл осы Риши Сунак Қаржы министрі кезінде экономиканы өрге сүйрей алмады. Инфляцияны тежеуге және кедейшіліктің қамытын киген отбасыларға көмектесуге шамасы жетпеді. Дәл осы Сунактың жанұясы міндетті төлемдерден қашып, басқалардан көп көлемде салық талап етті. Саясаткер қарапайым халықтың жағдайынан мүлдем бейхабар.

Риши Сунак шешуі тиіс түйінді мәселелер көп. Бірақ оған саясаткердің білімі де, тәжірибесі де, тіпті бизнестегі байланыстары да жеткілікті. Сунактың экономиканы қайта қалпына келтіруге және оған ақшасын салған адамдарды құтқаруға қауқары жетеді дейді cарапшылар. 

Ғалымжан Қараманұлы