Украинада 4,5 млн адам жарықсыз қалды

Зымырандардың атқылауынан Украинаның қуат нысандары қатты зардап шегіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жексенбі күні Киевтің және елдің алты облысының 4,5 млн тұрғыны жарықсыз қалды. Украиналықтар шет елдерден генераторларды жаппай сатып алуға көшті. Ел Үкіметі генератор, трансформатор және аккумуляторларды Украинаға баж бен қосымша құн салығынсын тасымалдауға рұқсат берді.

Екатерина, Киев қаласының тұрғыны:

- Киевтің өзінде жарық үш рет өшеді, көріп тұрсыздар, көше шамдары жоқ, дала қап-қараңғы. Баланың қолына жарық беретін осындай білезік тағуға мәжбүр болдым.

Зымырандық атқылау ең алдымен Украинаның қуат нысандарын істен шығаруда, салдарынан Киев және Украинаның өзге де алты өңіріндегі млндаған адам жарықсыз қалды. Содан Украина дүкендеріндегі генераторға сұраныс 15 есе артқан. Қуаттылығы 1 кВт құрайтын ең қарапайым деген генератордың бағасы 3 000 гривеннен 10 мыңға дейін шарықтады. Бұл ретте екі күн бұрын ел үкіметі шет елден тасымалданатын генератор, трансформатор және аккумуляторларды Украинаға баж және қосымша құн салығынсыз тасымалдауға рұқсат берді.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

- Киевте және елдің алты өңірінде электр қуатының үзілуі жалғасуда. 4,5 миллионнан астам тұтынушы электр жарығынсыз қалды. Тұрғындар жаппай электр генераторларын импорттауға мәжбүр. Осыған байланысты Украинаның Министрлер кабинеті генераторлар, трансформаторлар, аккумуляторлар және басқа да осыған ұқсас жабдықтардың импортына алынатын салықты алып тастады.

Ең қиыны – ел бойынша электр энергиясын тасымалдайтын артериялар, атап айтқанда, жоғары вольтты электр беру желілері мен қосалқы станциялар әрі трансформаторлар қатты зақымданды. Запарожье атам электр станциясы сияқты ірі қуат нысандары әлі Украина аумағына қайтарылған жоқ.  Украинаның энергетикалық жүйесі шамамен елу гигаватт қуатқа ие десек, оның он бірі қарулы қақтығыс салдарынан істен шықты.

Владимир Омельченко, Разумков орталығының Энергетика және инфрақұрылымдық бағдарламалар бөлімінің директоры:

- Украинаның энергетикалық инфрақұрылымын қорғау қиын болып тұр. Сондықтан апаттық өшіру әрі қарай жалғасатын болады. Қыс алдында жағдай қиындай түссе қатты зардап шеккен ауыл аймақтың адамдарын батыс өңірге эвакуациялау жағы қарастырылмақ. Оған Украина билігі де дайындалып, жүздеген генераторды сатып алуда. Қазірдің өзінде әрбір ірі қалада жылыту пункттері, жылжымалы қазандықтар, ауыз сумен жабдықтау жағы жүргізіліп жатыр.

Жарықтың кешкі мезгілде жиі өшірілуі Киевтегі көлік жүргізушілеріне үлкен ауыртпашылық тудырып отыр, өйткені түн мезгілінде жарықтың жоқтығынан апат соңғы екі аптада жиырма 5% артқан. Атап өту керек, Зеленскийдің тапсырмасы бойынша тұрғындар үшін жылу тарифі келесі жылдың наурыз айына дейін көтерілмейтін болды. Қазіргі күні Украинада қуаттың құны бір киловатт сағатына бір гривна 68 тыйынды құрайды.

Авторы: Аида Қыдырбай