loader


Кореяда әуе таксиінің терминалы көрсетілді

Әуе такси терминалын елестете аласыз ба?

Болашақ әуежайы Оңтүстік Кореяда көрсетілді. Әуе кемесі аспанға ұшқышсыз көтерілді, бірақ елде жолаушыларды экипажсыз тасымалдауға әлі де тыйым салынған. Сеул маңында ұшқан аппарат  Кореяда жасалған алғашқы ұшақ болып табылады. Тарихи оқиғаны тілшіміз Владислав Цой тамашалады

Бұл Кореяның алғашқы әуе таксиі. Салмағы жүз келідей,  екі жолаушыны алып, көкте емін-еркін самғай береді. Жылдамдығы сағатына 95 шақырымға дейін жетеді. Егер осы жерден ұшса Сеулдің орталығына дейінгі 20 шақырымды 15 минутта еңсереді. 

Чо Бом Дон, Ұшақ құрастыру компаниясының президенті:

- Бұл ұшқышсыз ұшақтың басты ерекшелігі – ол тек электр қуатымен жұмыс істейді. Оның бірнеше қозғалтқышы бар, егер біреуі істен шықса да діттеген жеріне жете алады.

Кореяда жасалған мына бір  ұшқышсыз такси де көкке көтерілді, бірақ әзірге оның терезе, есіктері жоқ. Салмағы 150 келі, 150 килограмды көтере алады. 

Ким До Вон, Әуе аппараттарды құрастыру компаниясының президенті:

- Біздің ұшақ пайдалануға дайын, бірақ Кореяда жолаушыларды пилотсыз тасымалдауға заң бойынша тыйым салынған. Біз оны экспорттауға дайынбыз. Осындай бір құрылғы шамамен 80 мың доллар.

Әуе таксиіне отыру үшін мобильді қосымша арқылы рейске тіркелу керек. Содан кейін қалалық ұшқышсыз әуе көліктеріне арналған әуежайға бару керек. 

Владислав Цой, тілші: 

- Ұшатын таксиге арналған әуежайдың атауы - вертипорт.  Билет қосымша арқылы сатылатындықтан, төлқұжат тексерісінен өтіп, отырғызу талонын көрсетудің қажеті жоқ. Вертипортқа кіре берісте жолаушының деректері бет-әлпет арқылы анықталып, бірден ұшаққа өтуге рұқсат етіледі. Яғни тексеріске көп уақыт кетпейді. Ал тыйым салынған заттар болса, оны арнайы сканер бірнеше секунд ішінде анықтайды. 

О Мен Со, Корея Республикасының жер, инфрақұрылым және көлік вице-министрі: 

- Қалалық әуе таксиі көлік қозғалысын реттейді. Бұл адамдарға кептелісте тұрып қалмай,  аспанда қозғалуға мүмкіндік береді. Тезірек жаңа көлік жүйесін құру үшін үкімет пилоттық жобаларды іріктеп жатыр. Ол үшін арнайы нормативтік актілер, технологиялық бәсекеге қабілеттілікті арттыратын ғылыми әзірлемелер қабылдауды оңтайландырған.

Қалалық әуе көлігі тұрғындардың жол жүру уақытын 70 пайызға үнемдейді деген үміт бар. Екі жылдан кейін ұшқышсыз таксидің алғашқы жолаушылары Сеул мен жақын маңдағы қалалар арасында қатынай бастауға тиіс. Ал бес жылдан кейін мұндай көліктер Кореяның басқа аймақтарына да жетеді. Үкіметтің болжамы бойынша 2035 жылға қарай күн сайын 210 мыңға жуық адам әуе такси қызметін пайдаланатын болады. 

Владислав Цой, Ольга Лян

Сондай-ақ...