Қытайда айфон зауытының қызметкерлері ереуілге шықты

Қытайда жаңа антирекорд: тәулігіне ковид жұқтырушылар саны 31 мыңнан асты.

Бүгіннен бастап аспан асты еліне келушілерге 5 күнде 4 түрлі тест тапсыру міндеттелді. Ал тұрғындар үйлерінде қалуы тиіс. Алайда, халық шектен тыс шектеуден шаршаған. Тіпті кей қалаларда наразылық акцияларына шықты.

Тәртіп сақшыларымен тартысып жатқан – Чжэнчжоу қаласындағы  зауыт қызметкерлері. Айфон техникасын шығарумен айналысатын мамандар ашулы. Себебі қатаң локдауннан жұмысшылар жалақысыз қалған. 

Наразылықты баса алмаған зауыт басшылығы тағы 5 күндік локдаун жариялады. Ал ел бойынша, өткен тәулікте 32 мыңға жуық жаңа науқас тіркелген. Қытай Үкіметі, әсіресе, дерт қайта дендеп жатқан Гуандун, Чунцин, Бейжің қалаларында шектеу мерзімін ұзартпақ. Қазір көшелерде көлік жоқ, тұрғындар аса қажет болмаса сыртқа шықпайды.

Ян, Бейжің тұрғыны, корпоротивтік менеджер:

- Қашанғы үйде отыра бермекпіз? Жақында ақшамыз да таусылады. Сонда қайтеміз?

Хьюго Мэн, Бейжің тұрғыны, қаржыгер

- Вирус симптомсыз жүріп жатыр. Яғни, біздің ағзамыз үйренді, өмірге қауіп жоқ. Биліктегілер аурумен басқаша күресуі тиіс. Қатаң шектеу – мәселені шешпейді. 

Қытай халқының пікірі анық. Бір қызығы, әлемнің өзге ел тұрғындары локдаунды қолдайды. Жаһандық сауалнамада 85 млн адам КОВИД-пен күресудің ең дұрыс жолы қатаң шектеу енгізу деп дауыс берген.