Бельгияда қымбат өмірге қарсы шеру өтті

Брюссельде қымбатшылыққа қарсы наразылық акциясы өтті.

Қала көшелеріне 16 мыңнан астам тұрғын шығып, наразы пікірін жеткізуге тырысты. Олар елдегі қоғамдық транспорт жүйесіндегі өзгерістерге қарсы. Азық-түлік, газ бен электр энергиясының ақысын бір айлықтан төлеу мүмкін емес, дейді. Сонымен қатар биліктен Еуроодақ саммитінің не себепті өтпей қалғанын түсіндіруді талап етті.

Дженнифер Жерар, қала тұрғыны:

- Балаларымызбен жылы жерде отырғымыз келеді. Алайда энергияның қымбаттауына байланысты үнемдеуге тура келіп отыр. Бензин, салық, көлік шығындарын алып тастағанның өзінде айлығың шайлығыңа жетпейді. Сонда саяхаттамай, тамақты үнемдеп, суық үйде күн көруіміз керек пе?

Майкл Дехенен, қала тұрғыны:

- Менің ойымша, кейбір трансұлттық компаниялардың үстеме пайдасы мен капитал кірістерін қарастыруымыз керек. Үкіметтің «ақша жоқ» дегені орынсыз. Мәселені шешудің жолы аз емес. Сондықтан саммиттің өтуін талап етеміз.

Ресей-Украина қақтығысынан кейін Еуропа елдерінде газ бен электр энергиясының бағасы күрт өсті. Қараша айында Бельгияда инфляцияның жалпы көрсеткіші 10 пайыздан асып кетті.