Астана мен Лондон: ынтымақтастықты нығайта бермек

Астана мен Лондон саяси және сауда-экономикалық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі нығайта бермек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді британиялық әріптесімен бірге қабылдаған бірлескен мәлімдемесінде айтты.

Қазақстан және Ұлыбритания арасындағы Стратегиялық диалог 9 жыл бұрын құрылған. Ол екіжақты әрі көпжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, сондай-ақ жаңа бағыттарын айқындайды. Жеке кездесу кезінде сыртқы саяси ведомстволардың басшылары Мұхтар Тілеуберді және Джеймс Клеверли өзара қызығушылық тудыратын өңірлік, сондай-ақ халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасты.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі:

- Біз экономикалық жағынан ең біріншіден сауда, екіншіден, инвестициялар тарту мәселелерін талқыладық. Қазір екі жақты саудамыз жылдан жылға өсуде. Сонымен қатар Ұлыбританияның компаниялары біздің экономикаға 20 млрд АҚШ долларынан астам инвестицияларды салды. 

Ұлыбритания соңғы 30 жыл ішінде Қазақстандағы жетекші инвесторлардың біріне айналды. Елімізде бүгінде 600-ден астам британ компаниясы тіркелген.  Сапар барысында қазақстандық делегация солардың бірқатарының басшыларымен кездесті. Тараптар минералды ресурстарды барлау және өндіру, мұнай экспортын әртараптандыру, жасыл энергетиканы дамыту, сондай-ақ Қазақстанда тұщыландыру және су тазарту құрылыстарын салу мәселелерін талқылады.

Мурат Дедиолу, ERG International Group компаниясының басшысы:

- Бүгін біз Маңғыстау облысында су тұщыландыру зауытын салу тақырыбын талқыладық. Өңірде көп уақыттан бері тіршілік көзінің тапшылығы сезілуде. Бүгін бұл мәселені жедел шешу жолдарын түсіндірудің мүмкіндігі туды. Бұл жобамен айналысып жатқанымызға бір жылдан асты. Нәтижелі жұмыс атқарамыз деген сенімдеміз.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ұлыбритания Премьер-Министрінің Сауда өкілі баронесса Эмма Николсонмен, Қазақ-Британ қауымдастығының төрағасы Руперт Гудманмен және британиялық ресми топтардың өкілдерімен де кездесті. Ұлыбритания жұртшылығы Қазақстанда әділ мемлекет, әділ экономика және әділ қоғам құруға бағытталған саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларға қолдау білдірді.

Руперт Гудман, Қазақ-британ қауымдастығының төрағасы:

- Қазақ-Британ қауымдастығында талқыға түсіп жүрген геосаясаттан бастап, бизнес, ауылшаруашылығы сияқты салалар туралы келелі әңгіме болды. Және біз кейбір ұтымды идеяларды жүзеге асырып, дамыта аламыз деп келістік. 

Еуропалық қайта құру және даму банкінде өткен кездесуде Алматыдағы екінші жылу электр орталығын газдандыру, сондай-ақ Үлкен Алматы айналма жолының құрылысы туралы сөз болды. Тараптар транзит-көліктік әлеуетті, логистикалық маршруттарды, баламалы энергетиканы және қалалық инфрақұрылымды дамыту саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселесін талқылады.

Одиль Рено-Бассо, Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті:

- Қазақстан – біздің банк белсенді әрекет ететін өте маңызды ел. Бұл жылы құйған инвестициядарымыздың көлемі шамамен 500 млн еуро көлемінде болып отыр. Алматыдағы стратегиялық жобамыз қалада көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтып, ауаның тазаруына септігін тигібек.

Мұхтар Тілеуберді, сондай-ақ, британ іскерлік қауымдастығының өкілдерімен кездесіп, Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформалар үдерістерін талқылады. Еліміздің шетелдік инвестициялар үшін тартымдылығын арттыру жолдарын және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың келешегі кемел салаларын саралады.

Рипин Калра, ICF International техникалық директоры:

- Біз қазір Азиялық даму банкінің қолдауымен Алматы қаласындағы ауаның сапасын жақсарту жобасын жүргізіп жатырмыз. Жалпы Қазақстан бойынша таза ауа, жасыл энергия және ақылды қалалар бағытында жұмыс істеуге қызығушылығымыз зор. Бұған қандай басымдықтар беріліп жатқаны туралы сұрақ қойып, тұшымды жауап ала алдым.

Сапар барысында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастықты нығайту, әртүрлі алаңдарда парламентаралық әріптестікті дамыту мәселелері бойынша ортақ уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл жолы британдық тараптың шақыруымен келген қазақстандық министр әріптесіне елімізге сапар жасауға ұсыныс білдірді.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы