Бельгияда сақтық шаралары күшейтіледі
Еурокомиссия Одақ елдерін Қытайда індеттің қайта өршуіне байланысты алдын ала қамданып, сақтық шараларын қабылдауға шақырды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл туралы Брюссельде журналистермен кездесуде Еурокомиссияның ресми өкілі Тим Макфи мәлімдеді. Оның айтуынша, ЕуроОдақтың Санитарлық қауіпсіздік жөніндегі сарапшылар комитеті бас қосып, мәселені қарастырған. Енді ахуал ұйым Кеңесінде талқыланады.
Тим Макфи, Еурокомиссияның ресми өкілі:
- Қытайдағы ахуалға байланысты қырағы болуымыз керек. Ол жақтан төнген қауіп-қатерді алдын ала анықтап, оларға қарсы тез әрекет етуге дайын болуымыз қажет. Осы ретте Еурокомиссия Қытайдан келетін жолаушыларды бақылап, ұшақтарда бетперде тағу, ондағы кәріз жүйесін қадағалу сияқты шараларды ұсынып отыр. Ол жақтан келетін азаматтардың ұшаққа отырмас бұрын ПТР-тест тапсыру мәселесін талқылауға шақырамыз. Біздің ұсыныстарымызды ЕуроОдақтың көп елі қолдап отыр.